Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығын:
✅ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Нысаналы пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар үшін көзделетін болады. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.
✅ қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталмыш құқықты пайдалануға болады.
✅ өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.
Өз зейнетақы шотыңызды Қор сайтындағы Жеке кабинет немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасы арқылы тексеруге болады.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге және/немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар уәкілетті операторға жүгінуі тиіс. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй бойынша да, емделу бойынша да уәкілетті оператордың функцияларын орындайды. Ол электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болған жағдайда азаматтардың өтінімдерін арнайы интернет-порталда электрондық форматта қабылдайтын болады.
Сондай-ақ, азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті жеке өзі немесе enpf.kz сайты арқылы беруге болады.