БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫ – БІРЛЕСКЕН ҚОЛДАУДА
https://bilimaktobe.kz/kz/in-lyuzivn-e-i-spetsi-ln-e-br-z-v-nie/metodicheskaya-rabota-otdela#sigFreeId5f68589be7
2026 жылдың 12 маусым күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбе қалалық №19 орта мектебінің базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына арналған «Баланың болашағы – бірлескен қолдауда» тақырыбында бірлік алаңы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – ата-аналарға қолдау көрсету, олардың эмоционалдық жүктемесін жеңілдету, күнделікті күйзеліс пен шаршауды азайту, жақсы көңіл-күй сыйлау және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Шара барысында мамандар ата-аналармен түрлі бағыттар бойынша мазмұнды кездесулер ұйымдастырды. «Үйдегі түзету-дамыту ортасы: сабақ жүргізу және баланың даму динамикасын бақылау» тақырыбында үй жағдайында түзету-дамыту жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдары, баланың жетістіктерін жүйелі бақылау мен бағалау тәсілдері таныстырылды. «Сөйлеу тілін түзету мен дамытудағы заманауи ойын технологиялары» тақырыбында сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға арналған ойын әдістері мен инновациялық технологиялар ұсынылды. «Әр сәт – қолдау мен дамыту мүмкіндігі» алаңында баланың күнделікті өміріндегі әрбір әрекетті дамыту құралы ретінде пайдалану жолдары түсіндіріліп, ата-аналарға практикалық кеңестер берілді. Сонымен қатар, «ОТ ойындар» бөлімінде отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға, баланың танымдық және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға бағытталған ойындар көрсетілді. Ал «Менің балам – менің күшім» тақырыбындағы кездесуде ата-аналардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтау, баланың жетістіктерін бағалау және өз күшіне деген сенімділікті арттыру мәселелері қозғалды.
Бірлік алаңы ата-аналар үшін пайдалы ақпарат пен тәжірибе алмасу алаңына айналып, ерекше балалардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетудегі отбасы мен мамандардың бірлескен жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Қатысушылар ұйымдастырылған іс-шараның өзектілігін атап өтіп, осындай кездесулердің жалғасуына қызығушылық білдірді. «Баланың болашағы – бірлескен қолдауда» қағидасы аясында өткен шара барлық қатысушыларға жаңа білім, тың тәжірибе және өзара қолдау сыйлады.

Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта нақты қадамдар жүзеге асырылуда — жаңа құрылымдардың ашылуынан бастап ата-аналарға көрсетілетін практикалық көмекке дейін. Соның кезекті дәлелі ретінде Ақтөбе облысы білім басқармасы мен облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Қабылдау. Қолдау. Дамыту» атты кездесу өткізілді.
Іс-шара ашық диалог, практикалық сабақтар және отбасылар күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайларды талқылау форматында өтті.
Ата-аналармен өткен кездесуге Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысып, өңірде отбасыларды қолдау мен инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті: «Біздің басты міндетіміз — әрбір бала өз әлеуетін толық ашып, қажетті қолдауды ала алатын жағдай жасау. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда: ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ата-аналарын қолдау үшін тағы бір ПМПК ашылды, сондай-ақ Есет батыр шағын ауданында 300 орындық балабақша құрылысы жалғасуда. Бұл — балаларды дамыту мен отбасыларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», — деді басқарма басшысы.
Кездесудің спикерлерінің бірі — нейропсихолог, «Анима» тұлғаны дамыту орталығының басшысы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының оқытушысы Жайнагуль Консбаева болды. Ол баланың дамуындағы отбасының рөліне кеңінен тоқталды. Әсіресе күн тәртібінің маңыздылығына ерекше назар аударып, тұрақты режим баланың өзіне сенімді болуына, мінез-құлқының жақсаруына және оқу үлгеріміне оң әсер ететінін түсіндірді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын психолог Медеухан Жасжанова өткізген «Қолдау шеңбері» рефлексиясы тудырды. Ата-аналар өз ойларымен ашық бөлісіп, сұрақтар қойып, эмоционалдық қолдау алды.
Кездесудің практикалық бөлімінде №2 түзету кабинеті мамандары — психолог Жайсан Ибадуллаева мен логопед Гүлфия Кабулова ата-аналарға үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым ойын және дамыту жаттығуларын көрсетті. Олар сөйлеу тілі мен сенсомоторлық дағдыларды дамыту жолдарын түсіндірді.Сондай-ақ «Асыл Мирас» орталығының мамандары Аида Махатжанова мен Аяжан Ерланқызы бірлескен ойын арқылы баланың зейінін, сөйлеуін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға болатынын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ата-аналар мамандарға сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстар алды және өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шараның аяғында Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің әдіскерлерінің Ж.Б.Сейтмаганбетова, Э.К.Мендыбаеваның «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды үй жағдайында қолдау және дамыту» және «№2 Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшы А.К.Нурсейтова, педагог-психологы Ы.С.Жақұдолланың «Баланың дамуы үйден басталады» тақырыбындағы әдістемелік нұсқаулығы ата-аналарға табысталды.

