https://bilimaktobe.kz/kz/2-uncategorised/490-akkreditatsiya-ala-y-t-zh-ribe-men-ser-ktest-k-sinergiyasy#sigFreeId069d3ffb00
2026 жылғы 10 қараша күні техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Аккредитация алаңы: тәжірибе мен серіктестік синергиясы» тақырыбында өңірлік семинар-практикум өтті.
Қашықтықтан ұйымдастырылған кәсіби алаңға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының колледж директорларының орынбасарлары қатысты.
Колледждерде білім сапасын қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуге дайындық жұмыстарын жүйелеу, өзін-өзі бағалау үдерісінің тиімділігін арттыру, халықаралық тәжірибені зерделеу және аккредиттеуден кейінгі даму тетіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған шарада институционалдық және мамандандырылған аккредиттеудің талаптары, стандарттары мен бағалау өлшемшарттары, білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесі, өзін-өзі бағалау және дәлелдемелер базасын қалыптастыру алгоритмі мен аккредиттеуден кейінгі даму және сарапшылар ұсынымдарын іске асыру тетіктері қарастырылды.
Практикалық бөлімде қатысушылар аккредиттеу стандарттарының талаптарына сәйкес колледж қызметін бағалау, растайтын құжаттар мен дәлелдемелерді анықтау, жетілдіруді қажет ететін бағыттарды белгілеу бойынша жұмыстар жүргізді.
Семинарға «APEC PetroTechnic» Атырау жоғары колледжі, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі және Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің өкілдері спикер ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында ашық диалогтік алаң ұйымдастырылып, аккредиттеуге дайындық барысында кездесетін мәселелер, әлеуметтік серіктестермен өзара іс-қимыл, колледждер арасындағы тәжірибе алмасу және әдістемелік қолдау бағыттары бойынша пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.
Өңіраралық кәсіби ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу алаңы алдағы уақытта да жалғасын табады.



