https://bilimaktobe.kz/kz/2-uncategorised/474-a-t-bede-tzhkbb-jymdaryny-pedagogter-arasynda-respublikaly-k-s-bi-sheberl-k-konkursy-tt#sigFreeId086820059d
2026 жылғы 19–20 қазанда Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі базасында тау-кен металлургия саласы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін талантты педагогтерді анықтау және қолдау, тау-кен металлургия саласы үшін білікті кадрлар даярлаудағы озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату.
Кәсіби байқауға еліміздің әр өңірінен келген колледждердің 7 педагогі қатысып, төрт мамандық бағыты бойынша өзара бақ сынады. Байқаудың алғашқы күні қатысушылар тіркеуден өтіп, салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Одан кейін байқау бағдарламасы мен ережелері таныстырылып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар жұмыс орындарымен және техникалық жабдықтармен танысты.
Байқау теориялық және практикалық кезеңдерден тұрды. Теориялық кезеңде қатысушылардың кәсіби білімі бағаланса, практикалық кезеңде өз мамандығы бойынша білімдері мен дағдыларын тәжірибе жүзінде қолдану қабілеттері сыналды.
Сарапшылар кеңесі қатысушылардың жұмыс нәтижелерін қорытындылап, байқаудың жалпы хаттамасын рәсімдеді. Салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Қатысушылардың жұмыстарын тау-кен өндірісі, электромеханика, сапаны бақылау, және өндірістік қауіпсіздік салаларында тәжірибесі бар мамандардан құралған сарапшылар кеңесі бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
07240100 «Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу» мамандығы бойынша:
I орын – Биржанова Динара Султангалиевна, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
II орын – Доланова Жансая Муратпековна, Риддер колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
07240300 «Пайдалы қазбалар кен орындарын ашық қазу» мамандығы бойынша:
I орын – Устабаева Надежда Николаевна, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
II орын – Таңсықбек Махсат Алтынбекұлы, Жаңатас көпсалалы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
07130700 «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (түрлері және салалары)» мамандығы бойынша:
I орын – Калимжанов Амангельды Абугалиевич, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
II орын – Шинкевич Светлана Александровна, Рудный политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
07240500 «Пайдалы қазбаларды байыту (кен байыту)» мамандығы бойынша:
III орын – Тюрина Анна Игоревна, Риддер колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
Республикалық байқау педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Осындай кәсіби алаңдар тау-кен металлургия саласына қажетті білікті мамандарды даярлау сапасын арттыруға, заманауи өндірістік талаптарды оқу үдерісіне енгізуге және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Байқауға қатысқан барлық педагогке белсенділігі мен кәсіби шеберлігі үшін алғыс білдіреміз! Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы кәсіби қызметтеріне толағай табыс тілейміз!



