АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
«БЖЗҚ» АҚ-ның комиссиялық сыйақысы 2021 жылы қаншалықты төмендейді?
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 27 қарашадағы №132 қаулысымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының комиссиялық сыйақысының 2021 жылға арналған шамасы:
1) инвестициялық табыс сомасының 2,0 пайызы;
2) зейнетақы активтерінің айына 0,01 пайызы көлемінде бекітілді.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес комиссиялық сыйақының шекті шамасы инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленеді.
Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіленетін комиссиялық сыйақының заңда белгіленген шекті шамалардан төмен нақты шамалары мынадай:
- инвестициялық табыс сомасынан - 3,75 есе;
- зейнетақы активтерінен - 2,5 есе.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, жыл сайын комиссиялық сыйақыны төмендету және Қордың шығыстарын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізеді. Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ комиссияларының мөлшерін жыл сайын Ұлттық Банк Басқармасы айқындайды. Атап айтқанда, 2020 жылға комиссия мөлшері инвестициялық табыстың 5%-нан 2%-на дейін және зейнетақы активтерінен айына 0,015%-дан 0,011%-ға дейін айтарлықтай төмендетілді.
Заңға сәйкес БЖЗҚ комиссиялық сыйақының екі түрін де алады және барлық шығындарды, соның ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға байланысты шығындарды да жабады. БЖЗҚ-ның меншікті капиталының өсімі және меншікті активтерді инвестициялау комиссиялық сыйақыны одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.
Комиссиялық сыйақының салыстырмалы және абсолюттік шамаларының төмендеуі зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде Ұлттық Банктің, сондай-ақ, қаржы құралдарын инвестициялық есепке алу, жеке зейнетақы шоттарын дербестендірілген есепке алу, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтерін көрсету жөніндегі бірыңғай оператор ретінде БЖЗҚ жүргізген жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Жалпы инвестициялық басқаруға және кастодиандық қызметтерге комиссиялық шығыстар төмендетілді, бизнес-үдерістерді автоматтандыру және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, зейнетақы қызметтерін электрондық форматқа көшіру және операциялардың жалпы көлеміндегі олардың үлесін ұлғайту бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, сондай-ақ, әкімшілік шығыстардың бір бөлігін меншікті активтерді инвестициялаудан түскен кірістерден жабу есебінен БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары азайтылды.
Комиссиялық сыйақы шамасының айтарлықтай төмендеуі салымшылар мен алушылардың инвестициялық табысы мен зейнетақы жинақтарының көбеюіне оң әсерін тигізуде.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).