1.Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асқан қаражатты қанша рет ала аламын?
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында біржолғы зейнетақы төлемі – салымшының (алушының) заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан алатын МЗЖ және МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы деп көзделген. Зейнетақы жинақтары – салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотында ескерілетін, МЗЖ және МКЗЖ және ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсімпұл және шарттарға, осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер қамтылатын ақшасы деп белгіленген. Егер ең төменгі жеткіліктілік шегі сіздің зейнетақы жинақтарыңызды пайдалануға мүмкіндік берсе, жеткіліктілік шегінен асатын біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті шектеусіз рет бере аласыз.
2.Мен телефон нөмірімді өзгерттім. Енді телефонымдағы БЖЗҚ қосымшасына кіргім келеді. Құпиясөзді сұрап, оны маған SMS хабарлама арқылы ескі нөміріме жібергендіктен бұл SMS келмейді. Сондықтан БЖЗҚ деректеріндегі телефон нөмірімді қалай ауыстыруға болады?
БЖЗҚ қосымшасына, enpf.kz сайтындағы «Жеке кабинетке» кірген кезде сіздің жеке ақпаратыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 57-бабына сәйкес, Қордың базасында тіркелген нөмірге ғана SMS-код жібереміз. Деректеріңізді өзгеоте аласыз:
- enpf.kz сайтында «Электрондық қызметтер» бөлімінде «Деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу» бөлімшесін таңдап, электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен парақшаға кіріңіз;
- БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесі арқылы.
3.Жасым 65-те, зейнеткермін, бірақ жақында кішігірім жұмысқа шықтым, бір компанияда күзетші болып істеймін. Енді «жұмыс берушім жалақымның 10% БЖЗҚ-ға аудара ма?» деген сұрақ туындады. Өйткені, сіздерден онсыз да зейнетақы төлемдерін алып жүрмін ғой.
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 24-бабы 2 және 3-тармақтарының 1) тармақшасына сәйкес, зейнет жасына толған жеке тұлғалар осы заңның 11-бабының 1-тармағына көзделген тәртіппен БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасы ерлер үшін – 63, әйелдер үшін 2023 жылы - 61 жас.
4.Қордың жақын жердегі бөлімшелерінің мекенжайларын қалай білуге болады?
Жақын арадағы «БЖЗҚ» АҚ бөлімшелерінің мекенжайлары туралы ақпаратты Қордың ресми сайтынан, ENPF ұялы қосымшасы арқылы білуге болады. Сіз, сондай-ақ, +7 777 000 1418 нөмірі бойынша What ' s Aрр қызметін пайдалана аласыз және Қор маманынан бөлімшелердің мекенжайын ғана емес, өзіңізді қызықтыратын барлық ақпаратты ала аласыз. Ең дәстүрлі тәсіл - 1418 бірыңғай нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалу, онда Қор операторлары Сізге «БЖЗҚ»"АҚ-ның жақын жердегі бөлімшесін қалай табуға болатынын айтып береді.
5. Мен 50 жасқа толдым, енді ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді ала бастасам деп едім. Мұны қалай жүзеге асырамын?
enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру қызметі БЖЗҚ-да келесі санаттағы зейнетақы жинақтары бар алушыларға ұсынылады:
- ЕЗЖ есебінен:
50 жасқа толған адамдарға;
мүгедектігі бар адамдарға;
ЕЗЖ сомасы және оларға есептелген инвестициялық табыс шегінде зейнетақы жинақтары бар, БЖЗҚ-да кемінде бес жыл болған адамдарға төленеді.
Өтініш беру үшін алушылардың электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет.