БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларына салық салу тәртібін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 25.12.2017 ж. №120 – VI Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 351-1 - бабында (бұдан әрі - ЖТС) Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерінен (әрі қарай – БЗТ) жеке табыс салығын (бұдан әрі - ЖТС) есептеу, ұстап қалу және төлеудің ерекшеліктері қарастырылған.
Бұл ретте ЖТС Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10% мөлшерінде) БЗТ сомасына қолдану арқылы есептеледі.
Салық кодексінің 351-1-бабы 2-тармағына сәйкес БЗТ сомасынан ЖТС ұстап қалу және аудару жеке тұлғаның ЖТС ұстап қалу туралы өтінішіне сәйкес мынадай әдістердің бірі бойынша жүргізіледі:
1) Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемі жүзеге асырылған күннен кешіктірмей, бір мезгілде;
2) БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен жүзеге асырылады.
ЖТС ұстап қалу жеке тұлғаның БЖЗҚ атынан салық агентіне белгіленген нысан бойынша ұсынған ЖТС ұстап қалу туралы өтініші негізінде жүргізіледі.
Осылайша, жеке тұлға Салық кодексінің 351-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ЖТС ұстап қалу туралы өтінішін берген кезде, ЖТС ұстап қалу және аударуды БЖЗҚ белгіленген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндірмелеріне сәйкес, БЖЗҚ салық агенті ретінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептелетінін ескерсек, Салық кодексінің 345-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген салық шегерімдері, сондай-ақ ,стандартты салық шегерімдері ЖТС қолданылмайды.
Зейнеткерлікке шыққан кезде Салық кодексінің 353-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, алушының БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері кезінде салық шегерімдерін қолдану құқығы сақталады.
Салық Кодексінің 326 - бабы 1) тармақшасына сәйкес салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа БЖЗҚ зейнетақы жинақтарынан, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі-МКЗЖ) есебінен жүзеге асыратын төлемдер жатады.
Ұстап қалуға табыс салығын есептеу күнтізбелік жыл шеңберінде жарналардың барлық түрлері бойынша зейнетақы төлемдері бойынша жиынтықта жүргізіледі.
Салық кодексінің 353-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табыс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
салық салынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табыс сомасы,
Салық Кодексінің 341-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке табыс салығы бойынша түзету сомасы,
осы Кодекстің 345-бабының 1-тармағы және 346-бабы 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларында көрсетілген тәртіп пен мөлшерлерде салық шегерімдерінің сомасы.
Салық кодексінің 345-бабы 1-тармағына сәйкес, салық салынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және зейнетақы төлемі жүзеге асырылатын әрбір ай үшін зейнетақы төлемі түріндегі табысты есептеу күніне қолданылатын бір ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінде салықтық шегерім қолданылады.
Салық кодексінің 353-бабының 7-тармағына сәйкес пайдаланылмаған салық шегерімдерінің сомасы күнтізбелік жыл шегінде кейінгі салық кезеңдеріне көшіріледі.
Тағы көңіл аударатын жәйт, Салық кодексінің 320-бабы 1-тармағы бойынша салық төлеушінің табыстарына 10 пайыз мөлшерлеме бойынша ЖТС салынатыны қарастырылған.
Мысал келтірейік:
БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі 50 000 теңгені құрайды. Зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысты айқындау кезінде 1 ЕТЖ – 42 500 теңге мөлшерінде салық шегерімі қолданылады. ЖТС есебі келесідей: (50 000- 42 500) *10%=750 теңге.
Осылайша, алушыға 49 250 теңге (50 000 теңге - 750 теңге = 49 250 теңге) мөлшеріндегі сома аударылады.
Алайда егер зейнеткерлік жасқа жеткен кезде кейінге қалдырылған ЖТС төлеу бойынша салық міндеттемелері болса, мысалы, бұрын өзінің жеке зейнетақы шотынан кейінге қалдырылған ЖТС бар 5 000 000 теңгені алып қойған болса, онда БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша 16 жылдан аспайтын уақыт ішінде тең үлестермен есептелген ЖТС сомасы – 2604,17 теңге (5 000 000,00*10%):192, мұнда 192 - айлар саны (16 жыл*12). Төленетін сома - 46 645,83 теңге (50000,00 –750-2604,17).