2022 жылғы 09 тамызда Ақтөбе облысында ТжКББ ұйымдары педагогтерінің республикалық тамыз форумы өтті.
Тамыз форумына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕАҚ өкілдері, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының білім беру басқармасының бөлім басшылары, әдістемелік кабинеттер мен орталықтардың өкілдері, колледж директорлары мен педагогтері қатысты. Барлығы 350-ге жуық қатысушы болды.
Панельдік секцияда ҚР оқу-ағарту министрлігі ТжКББ департаменті директоры Н.Ж.Оспанова «ТжКБ жүйесін дамыту бойынша мемлекеттік саясат шаралары» тақырыбында баяндама оқып, 2022-2023 оқу жылында ТжКББ ұйымдары басымдықтарына, міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ, академиялық дербестік, дуальді оқыту, қауіпсіз білім беру ортасын құру мәселелері, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру бойынша әдістемелік қызметтің міндеттері, аграрлық сектор мамандарын даярлаудың инновациялық бағыттары талқыланды.
Практикалық бөлім Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжі, автожол колледжі, гуманитарлық колледжі, көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі және «ПО Глобал-спецодежда» ЖШС базаларында ұйымдастырылып, экскурсия, мастер-класс, көрмелер өткізілді. Қатысушыларға тәжірибе алмасу және 2-3 колледж базасымен танысу мүмкіндігі беріліп, цифрландыру, әлеуметтік, халықаралық әріптестік мәселелері диалог және пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ТжКББ жүйесінің үздік педагогтерінің іс-тәжірибелері таныстырылып, республикалық мақалалар жинағы шығарылды және облыстық газеттерде шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтер туралы мақалалар жарияланды.
Аталған шара барысында панельдік секция мен практикалық бөлімдегі жұмыстардың бірегей үйлесімі әр өңірден келген қатысушылардың тығыз іскерлік байланыстар орнатуына, білім саласының маңызды аспектілері бойынша тәжірибе мен пікір алмасуына мүмкіндік берді.