БЖЗҚ-да шот ашқан кезде шоттардың жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі болып, әдетте, enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасындағы жеке кабинет арқылы алу әдісі айқындалады. Бұл мүмкіндік шоттары бұрын ашылған тұлғаларға да берілген. Алғаш рет жүгінген кезде қарапайым тіркелу рәсімінен өту жеткілікті.
Сондай-ақ, салымшылар шоттардың жай-күйі туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы ала алады.
Егер салымшылар (алушылар) бұрын ақпарат алудың "электрондық пошта арқылы" немесе "пошта байланысы қызметтері арқылы" тәсілдерін таңдаған болса, онда бұл тәсілдер шот иелері оларды өз бетінше (жеке кабинет немесе БЖЗҚ кеңсесі арқылы) өзгертпейінше әрекет ететін болады. Бұл ретте Сіз өз шоттарыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде өзекті электрондық мекенжайыңыз немесе тұрғылықты мекенжайыңыз көрсетілген жағдайда ғана аласыз.
Заңнамаға сәйкес, электрондық немесе тұрғылықты мекенжайыңыз өзгерген жағдайда, бұл туралы БЖЗҚ-ға 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлау қажет. Жаңа электрондық немесе тұрғылықты мекенжайыңыз туралы хабарламаған жағдайда, бұрынғы мекенжайыңыз бойынша жіберілген хабарлама (үзінді көшірмесі бар конверт) БЖЗҚ-ға қайтарылады және болашақта Қор салымшы (алушы) жаңа мекенжайы туралы хабардар еткен сәтке дейін ақпарат беруді (жеткізуді) жүзеге асырмайды.
Электрондық мекенжайыңызды немесе тұрғылықты мекенжайыңызды қоса алғанда, өз деректемелеріңізді БЖЗҚ сайтындағы немесе ұялы қосымшасындағы жеке кабинетте де өзектендіруге болады.