Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы жинақтарын зейнет жасына толғанға дейін (жеке табыс салығын шегергенде) толық көлемде ала алады. Алу үшін олар Қорға (өзі, пошта арқылы не сенім білдірілген өкілі немесе заңды өкілі арқылы) БЖЗҚ сайтынан білуге болатын құжаттар тізбегін ұсынулары қажет. Осыдан кейін зейнетақы төлемі он жұмыс күні ішінде біржола төленеді.

Сондай-ақ, зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан қазақстандықтар өздерінің барлық зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) емделуге пайдалана алады, атап айтқанда:

- әскери қызметшілер;

- арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері;

- мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері және әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде 25 жыл еңбек еткен және қызметтен босатылған кезде заңнамада белгіленген шекті жасқа толған өзге де адамдар.

Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар адамдардың толық тізбесі Әлеуметтік кодекстің 212-бабында айқындалған. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер Отбасы банкіне немесе екінші деңгейдегі басқа банктерге, ал емделу ақысын төлеу үшін - тек Отбасы банкіне жүгіне алады.

Сонымен қатар, өмірді сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан, сол арқылы ай сайынғы зейнетақы төлемдерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен емес мөлшерде қамтамасыз ете алатын қазақстандықтар тұрғын үйге және емделуге өздерінің барлық зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалана алады. Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға құқығы бар тұлғалардың толық тізімі және бұл үшін қажетті құжаттар топтамасы Қордың ресми сайтында да көрсетілген.

Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеу үшін БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар адамдар пайдалана алатынын хабарлаймыз. Тек мұндай адамдардың:

- зейнетақы жинақтарының сомасы ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын болуы керек. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырған зейнетақы жинақтарының сомасы мен белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспауға тиіс;

- БЖЗҚ-да жинақтары бар, қазіргі кезде зейнетақы төлемін алып жүрген зейнеткерлер. Олар тұрғын үйге және/немесе емделуге қалған сомасының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Бірақ олардың жиынтық зейнетақысы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ төлемдерін қоса алғанда) бұрын алған жалақысының кемінде 40 пайызын құраған жағдайда ғана осы мүмкіндікке қол жеткізе алады.

FaLang translation system by Faboba

ПАЙДАЛЫ САЙТТАР

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің пайдалы сайттары

client 1 client 1 client 1 client 1