Әлеуметтік кодекске сәйкес зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге берілетін арнаулы әлеуметтік төлем зейнет жасына толғанға дейін жүзеге асырылатын болады және зейнетақы тағайындалғаннан кейін тоқтатылады.
Еңбек жағдайлары зиянды өндірісте жұмыс істейтін адамдар үшін тағайындалатын үш көзден (бюджет қаражаты есебінен арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, сақтандыру төлемі және жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем) тұратын арнаулы әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына барабар өсетін болады және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толғанға дейін берілетін болады.
БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері МКЗЖ есебінен де, МЗЖ есебінен де қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының мөлшеріне қарай есептелетін болады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері МКЗЖ, МЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасын (оларды алуға келісім болған жағдайда) 6,5%-ға көбейтіп, оны 12-ге бөлу жолымен айқындалады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5% индекстеледі және зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.