Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу туралы ой елімізде соңғы бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Ол 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына енгізілген. Әлемдік тәжірибеде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру бойынша ортақ жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді. Ал жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын төлеуге қатысуы - бұл қызметкердің зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидатын іске асырудың классикалық моделі. ЖМЗЖ енгізілуімен бірге жұмыс істейтін отандастарымыздың жеке зейнетақы жинақтары жұмыс берушінің жаңа міндетті зейнетақы жарналары есебінен толықтырылатын болады. Бұл 1975 жылы және одан кейін туған қызметкерлерге зейнетақының анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі, қызметкерлердің осы санатының 1998 жылға дейін ортақ жұмыс өтілі жоқ немесе олардың ортақ жүйедегі жұмыс өтілі шамалы. Бұл азаматтардың зейнетақысы үш құрамдауыштан тұратын болады: базалық зейнетақы - мемлекеттен, жинақтаушы зейнетақы - олардың БЖЗҚ-ға аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы - жұмыс берушілердің жарналары есебінен беріледі. Бұл ереже міндетті жарналар 2028 жылы 5 пайызға жеткенде толық күшіне енеді.