2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Ұлттық қор - балаларға" жобасын іске қосу жоспарлануда. Бірақ балалардың ата-аналары мен басқа да заңды өкілдері алғаш есептелген қаржыны 2024 жылдың ақпан айынан бастап көре алады. Өйткені, тиісті құрылымдарға есептеулер жүргізіп, кәмелетке толмаған балалардың дәл есебін шығаруға бір ай уақыт қажет.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы (бұдан әрі – НЖШ) нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтар төлемін жүзеге асыру жөніндегі оператор болып айқындалды.
Айта кеткен жөн, БЖЗҚ әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибеге ие. Оның дербестендірілген есеп пен қашықтан қызмет көрсетуге арналған бірегей ақпараттық-технологиялық жүйелері, халыққа қолжетімді қызметтер көрсететін дамыған өңірлік желісі бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жыл сайын БЖЗҚ-ға Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің (бұдан әрі - ОИК) 50% сомасы, ОИК мөлшерлемесі және Нысаналы талаптарға қатысушылардың бұрын қалыптастырылған нысаналы талаптарына есептелген табыс сомасы туралы ақпаратты қамтитын Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану туралы есепті жібереді деп көзделуде.
БЖЗҚ жыл сайын қаңтар айында ҚР Әділет министрлігіне салыстыру үшін есепті жылдың 31 желтоқсанының аяғындағы жағдай бойынша балалардың, яғни "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде дербес қалыптастырылған нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін беретін болады.
ҚРҰБ-тан алынған Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің 50% сомасы туралы ақпараттың, БЖЗҚ мен ҚР ӘМ қол қойған салыстыру актісінің негізінде БЖЗҚ нысаналы талаптардың бір қатысушысына тиесілі нысаналы талаптардың сомасын есептеп, бұл деректерді ақпараттық жүйеге енгізеді.
Бағдарлама бойынша тұрақты түрде жасалатын есептер БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтына орналастырылатын болады.