Салымшылардың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кірістерден тұрады. Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады.

2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданған соң, салымшыларға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегіне қарамастан, 50% дейін, ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) бар сома шегінде ИПБ-ның басқаруына аудару құқығы берілді. Бұдан басқа, сақтандыру компанияларымен өмірлік аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшылар зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға толық көлемде бере алады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (уәкілетті орган) ИПБ-ларға ерекше талаптар әзірледі. ИПБ-лар инвестициялық портфельді басқаруға құқық беретін лицензияға, нарықта табысты жұмыс тәжірибесіне және клиенттердің активтерін басқаруға, соңғы бірнеше жыл қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелеріне, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталдың жеткілікті мөлшеріне ие болуы және уәкілетті органның тізіліміне енгізілген болуы керек. Бұдан басқа, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы, сондай-ақ, БЖЗҚ және кастодиан банкпен үш жақты кастодиандық шарт жасасуы тиіс.

Қазіргі кезде зейнетақы активтерін басқару бойынша барлық талаптарға сай келетін ИПБ тізіліміне бес компания кіреді: "Jusan invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "Halyk Finance"АҚ. Олардың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – Ұлттық Банк пен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиясына ие. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Осылайша, ИПБ-лар зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қандай қаржы құралдары пайдаланылатынын Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес рұқсат етілген тізбе шеңберінде өздері айқындайды. Бұл экономиканың түрлі секторларындағы, Қазақстандағы және шетелдегі түрлі валюталардағы қаржы құралдары болуы мүмкін. 

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудармас бұрын, олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын мұқият зерделеуге кеңес береміз. Мұны www.enpf.kz веб-сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесі" бөлімінде жасауға болады. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.  ИПБ инвестициялық басқаруы үшін инвестициялық кірістің 7,5% аспайтын мөлшерде комиссия алуға құқылы.  Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына көп дегенде 1 рет өзгеруі мүмкін. 2023 жылға арналған ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы өзекті ақпарат enpf.kz  сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөлімінде орналастырылған.

Инвестициялық қалауыңызға неғұрлым сәйкес келетін ИПБ-ны таңдағаннан кейін БЖЗҚ-ға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аудару туралы өтінішпен жүгіну қажет. Мұны enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе БЖЗҚ кеңселерінің біріне бару арқылы жасауға болады.

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде аударылады. БЖЗҚ мәлімделген соманы ИПБ-ға аударғанға дейін оның күшін жоюға болады. Қарау мәртебесін Қордың сайтындағы Жеке кабинетте тексеруге болады.

  МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне жылына көп дегенде 1 рет аударуға болады.  Егер сіз жинақтарды ҚРҰБ басқаруына қайтару туралы шешім қабылдасаңыз, онда зейнетақы жинақтарын МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен ҚРҰБ-тан ИПБ-ға бергеннен кейін бір жыл өткен соң ғана жүзеге асыра аласыз.

Салымшы зейнет жасына жеткенге дейін 10 жұмыс күні бұрын салымшының МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен барлық зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады, ол нарықта қолданыстағы ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігі негізге алына отырып есептеледі. Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік және орташа өлшенген кірістілік көрсеткіштері ай сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми сайтында есептеледі және жарияланады.

FaLang translation system by Faboba

ПАЙДАЛЫ САЙТТАР

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің пайдалы сайттары

client 1 client 1 client 1 client 1