2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің бағыттарының бірі – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру. Осыған байланысты бірқатар жаңалықтарды іске асыру көзделген.
Өзгерістер БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақысының шамасына да қатысты. Ол 01.07.2023 жылдан бастап айына 0,01-ден 0,008 пайызға дейін төмендеді. Бұл ретте ол республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған 0,04 еселенген айлық есептік көрсеткіштің туындысы ретінде айқындалатын шамадан және тиісті күнтізбелік айдың 1-ші күніндегі жағдай бойынша БЖЗҚ-да ашылған міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы жинақтары бар салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының санынан аспауға тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ комиссиялық сыйақысы бұрын 2021 жылы қайта қаралған болатын. Осы кезден бастап БЖЗҚ комиссиясы зейнетақы активтерінің 0,01% аспады. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап БЖЗҚ инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы алмайды. Оны тек зейнетақы активтерін басқарушылар ғана алады: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ, инвестициялық табыстың 2% аспайды) және инвестициялық портфельді басқарушылар (инвестициялық табыстың 7,5% аспайды). Бұл ретте 2023 жылы инвестициялық табыстан ҚРҰБ комиссиялық сыйақысының шамасы 1,5%, ал 2022 жылы 1,8% болды.
Айта кетейік, БЖЗҚ құрылған кезде комиссиялық сыйақы мөлшері БЖЗҚ үшін инвестициялық кірістің 7,5% және зейнетақы активтерінен айына 0,025% аспауы тиіс екендігі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бұл жеке ЖЗҚ-лар алып отырған шамадан екі есе аз. Сонымен қатар, БЖЗҚ ҚР ҰБ-пен бірлесіп жыл сайын комиссиялық сыйақыны төмендету және Қор шығындарын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізді. Мысалы, 2016-2017 жылдары зейнетақы активтерінен комиссия 0,0225%, 2018-2019 жылдары 0,015%, 2020 жылы 0,011% құрады.
Осылайша, БЖЗҚ қызметі кезінде зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақы 68% төмендетілді.
Алынған қаражат, ең алдымен, салымшылар мен алушыларға арналған сервистерді дамытуға, салымшылардың жеке деректері туралы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге және Қор қызметінің басқа да бағыттарына жұмсалады. БЖЗҚ көрсететін барлық қызметтер ақы алынбай-ақ ұсынылады.