Жинақтарды бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аудару туралы шешім қабылдай отырып, салымшы Қордың www.enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы немесе кез келген бөлімшеге жеке жүгінген кезде беруге болатын өтінішпен БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет. Барлық қажетті ақпарат пен қадамдық нұсқаулықты сайттағы ҚЫЗМЕТТЕР – ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫНЫҢ БІР БӨЛІГІН СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА АУДАРУ бөлімінен, сондай-ақ, Youtube-арнасындағы біздің бейненұсқаулықтан көруге болады.
Әлеуметтік Кодекс 2023 жылғы 1 шілдеде күшіне енген кезден бастап, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға сенімгерлік басқаруға беру кезінде ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейтін болды. Салымшылар міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтардың 50% дейін аудара алады. Егер ерікті зейнетақы жинақтары болса, оларды толық көлемде беруге болады.
Қазіргі уақытта нарықта инвестициялық портфельдің бес менеджері жұмыс істейді. Олардың толық тізімімен www.enpf.kz сайтында танысуға болады.
Бұл реттеуші – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына сәйкес келетін компаниялар. Сондай-ақ, бұл компаниялар БЖЗҚ-мен және кастодиан банкпен сенімгерлік басқару туралы шарт жасасты. Басқарушы компанияны таңдағанда, оның тарихын, сондай-ақ, инвестициялық декларациясын, инвестициялық қызметке шолу, инвестициялау тәжірибесі мен нәтижелерін мұқият зерделеуге кеңес береміз.
Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы жинақтар бойынша ғана беріледі. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның кепілдігімен ауыстырылады. Ол активтер кірістілігінің ең төменгі деңгейінен төмен емес кірісті қамтамасыз етуі керек. Бұл деңгей зейнетақы активтерін басқару нарығында жұмыс істейтін барлық ИПБ-ларға басқаруға берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігі негізінде есептеледі.