АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 

"БЖЗҚ" АҚ тұрғын үй мен емделуге 1,8 миллионға жуық өтінішті орындады 

            Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ) шамамен 3,6 трлн теңгеге 1 млн салымшыдан түскен 1,8 млн. жуық өтінішті орындады. Өздеріңізге белгілі, зейнетақы жинақтарын салымшылар (алушылар) зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасы шегінде тұрғын үйге және (немесе) емделу, сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушының (бұдан әрі – ИПБ) басқаруына беру үшін шексіз рет пайдалана алады.

Тұрғын үйге

2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін салымшылардың (алушылардың) біржолғы зейнетақы төлемдеріне 1 371 907 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған отандастарымыздың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге болды.

Бұл бағытта Алматы (17,79%), Астана (12,54%), Маңғыстау облысы (9,47%) мен Қарағанды облысының (7,86%) тұрғындары белсенділік көрсетті. www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштерді қандай мақсаттарға беретіні,  оның ішінде өңірлер бөлінісі ("Біржолғы зейнетақы төлемдері мақсаттары бойынша"  және "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері"  бөлімшелері) бойынша ақпарат орналастырылған.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды. Барлық өтініштердің шамамен 35,63% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21,08% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,74% - ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,04% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.

Қазір  азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берген өтініштерін қабылдайтын уәкілетті оператор-банктер қатарында "Отбасы банк "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Банк Фридом Финанс Қазақстан"АҚ бар.

Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 475,2 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Емделуге

БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 344,4 млрд теңге болатын 423 294 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,8 млн теңге.  

Өтініштердің 96,25% стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,67% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1% пайдаланылды.

Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 33,7 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану бойынша өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімінде танысуға болады.

Жеке инвестициялық басқаруға

Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 18.02.2021 ж.бастап 8,9 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 5 9991 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша толық статистика  enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" – "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Сіз олар туралы ақпаратпен танысып,  инвестициялық декларацияларын enpf.kz сайтындағы "Қызметтер" – "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөлімінде біле аласыз.

Атап кетейік, 8,9 млрд теңгенің 44,22% немесе 3,95 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 28% немесе 2,5 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 16,16% немесе 1,44 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 10,02% немесе 895 млн теңгесі "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға, 1,6% немесе 143 млн теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға аударылған.

Салымшылардың БЖЗҚ-ға өздерінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға ауыстыру үшін (зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берген күннен бастап бір жыл өткен соң ғана) ИПБ-ны өзгерту туралы өтініш беруге құқығы бар. 2022 жылғы наурыздан 2023 жылғы маусымға дейінгі кезеңде 91 өтініш беруші ИПБ таңдау туралы шешімін өзгертті: БЖЗҚ жалпы сомасы 344 млн теңгеге бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға ауыстыруға 126 өтінішті орындады.

Сондай-ақ, салымшылар зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына алғаш бергеннен кейін өз жинақтарын ҚРҰБ басқармасына қайтаруға құқылы. Мұндай құқықты 211 адам пайдаланды. БЖЗҚ тарапынан 2023 жылғы 15 наурыз бен 30 маусым аралығында ҚРҰБ-қа ИПБ-дан жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге қаражат аудару бойынша 361 өтініш орындалды.

Естеріңізге сала кетейік, 01.07.2023 жылдан бастап ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына қайтару мерзімі қысқарды. Енді жинақтарды ИПБ-дан ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтінішті БЖЗҚ-ға екі жылдан кейін емес, жинақтарды ИПБ-ға берген күннен бастап бір жылдан кейін беруге болады. Егер зейнетақы жинақтары бір ИПБ-ның басқаруына бірнеше рет аударылған болса, жинақтарды ҚРҰБ басқаруына қайтаруды жинақтар ИПБ басқаруына алғаш берілген күннен бастап бір жылдан кейін жүзеге асыруға болады. 

Атап өтейік, ИПБ зейнетақы активтерін алғаннан кейін оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген және ИПБ Инвестициялық декларациясында көзделген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.  

Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.

 

FaLang translation system by Faboba

ПАЙДАЛЫ САЙТТАР

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің пайдалы сайттары

client 1 client 1 client 1 client 1