Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодексіне сәйкес, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ-да төмендегі жарна түрлері бойынша зейнетақы жинақтары бар адамдар инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға мына шектерде аудара алады:
1) міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары:
· осы тұлғаның ЖЗШ таңдау (өзгерту) туралы өтініші түскен күні жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтары сомасының 50% шегінде;
· сақтандыру компаниясымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда, ЖЗШ-да қалған сома қаржы шегінде;
2) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақ сомасын түгел аударуға болады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудармай тұрып, нарықтағы ИПБ-лардың өзекті тізбесімен танысып, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне жасалған шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі мен жұмыс нәтижелері туралы толығырақ біліп алған жөн. Сіз олар туралы толық ақпаратпен https://www.enpf.kz/kz/ сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөлімінде таныса аласыз. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.
Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне жылына 1 рет қана аударуға болады. Егер сіз жинақтарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруына қайтару туралы шешім қабылдасаңыз, ол ойыңызды 01.07.2023ж. бастап зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап 1 жыл өткен соң ғана жүзеге асыра аласыз.
Бұл ретте, егер зейнетақы жинақтары ИПБ таңдау туралы өтінішке сәйкес бір ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бірнеше рет аударылған жағдайда, зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға алғаш берген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін жүзеге асырылады.