Өте дұрыс, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 12 шілдедегі № 138-VII Қазақстан Республикасының Заңымен зейнетақы заңнамасына 12.09.2022 жылдан бастап күшіне енген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар бойынша салымшыларға (алушыларға) заңнамада көзделген жағдайларда жұбайларымен немесе жақын туыстарымен бірлесіп зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға мүмкіндік берілді.
Бірлескен аннуитет – бұл "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ерлі-зайыпты немесе жақын туыс болып табылатын екі сақтанушының (сақтандырылушының) бір мезгілде зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін өнім.
Бірлескен аннуитеттің кәдімгі зейнетақы аннуитетінен айырмашылығы – ол бір отбасы мүшелерінің зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің (екі тұлға зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 еселенген мөлшері) 70 пайызынан төмен емес мөлшердегі төлемді қамтамасыз ету үшін жеткілікті болуы тиіс екенін атап өткен жөн.
Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға құқығы бар тұлғалардың тізбесі мен бұл үшін қажетті құжаттар топтамасын Қордың сайтындағы осы бөлімнен табуға болады.