"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұратын жерге кеткен (бұдан әрі – ҚР шегінен тыс тұрақты тұратын жер) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, ҚР заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған адамдар құқылы.
Өз кезегінде, ҚР шегінен тыс тұрақты тұратын жерге кету ішкі істер органдары тиісті құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
Осы заңнамалық талапты сақтау ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кететін адамның Қазақстан Республикасы мен оның азаматтары алдындағы борыштары, несиелері, алименттері және басқа да міндеттемелері бойынша барлық міндеттерін орындауы үшін қажет.
ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері олардың құжаттары Қорға қабылданған не түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде біржолата жүзеге асырылады.
Оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне байланысты қажетті құжаттардың тізбесімен (жеке өтінішпен/пошта байланысы құралдары арқылы/үшінші тұлға арқылы), оларды ресімдеуге қойылатын талаптармен, сондай-ақ, төлем валютасының түріне байланысты өтініштердің бланкілерімен және оларды толтыру үлгілерімен, сенімхаттардың үлгілерімен Қор сайтындағы мына бөлімде танысуға болады.
Бұдан басқа, ресімделген құжаттар тізбесін БЖЗҚ сайтындағы "Төлем алуға берілген құжаттарды алдын ала тексеру" электрондық қызметін пайдалана отырып, БЖЗҚ-ға алдын ала тексеруге жіберуге болады.
Зейнетақы жинақтарының төлемдері тек алушының банктік шотына төленетінін және оны алушы валюталардың кез-келген түрімен, яғни теңге, ресей рублі, еуро, АҚШ доллары немесе фунт стерлингпен сұратуы мүмкін екенін ескеріңіз.