Иә, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан өткен жылғы зейнетақы төлемдері 5% - ға индекстелді.
Қордан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге (2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістермен) (бұдан әрі - Әдістеме) сәйкес есептеледі.
Әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіледі және 12-ге бөлінеді. Белгілі бір санаттағы алушылар (егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде алпыс ай МКЗЖ төленген зейнетақы төлемдерін алушылар) үшін Әдістемеде түзету коэффициенттері көзделген.
Әрбір келесі жыл сайын ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне, яғни 5% ұлғаяды.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады). Тиісінше, ағымдағы жылдың басынан бастап Қордан ең төменгі төлем мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға (2022 жылы – 26 172,3 теңге) ұлғайды және 28 396,9 теңгені (70% * 40 567) құрады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған тұлғалар бойынша зейнетақы төлемдері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының кемінде отыз еселенген мөлшерінде (2023 жылы 30 х 53 076 = 1 592 280 теңге) бұрын таңдалған кесте бойынша (жыл сайын, тоқсан сайын, ай сайын) жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты ортақ зейнетақыны есептеу өзгерді. Енді жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (ортақ зейнетақы) есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың шамасы 55 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте, егер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, бұрын Мемлекеттік корпорацияға зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ұсынылған кез келген үш жыл қатарынан орташа айлық табыс 46 АЕК-тен жоғары болса, қазірде зейнеткер ретінде зейнетақы алып отырған жандар үшін ортақ зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ұлғайтылды. Ол биыл 24 341 теңгеге тең (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%, 60%*40 567).
Нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап қазақстандықтардың зейнетақысының жиынтық мөлшері ұлғайды.