2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірыңғай төлем енгізілді.
Салық кодексі "Бірыңғай төлем" бөлімімен толықтырылды. Салық кодексінің 776-1-бабына сәйкес бірыңғай төлемге жеке табыс салығының төленуге тиіс сомалары, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), әлеуметтік аударымдар, жарналар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар енгізіледі.
Бірыңғай төлем салығы салынатын объектісі мыналар болып табылады: оңайлатылған декларация негізінде; ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін (АСР) қолданатын микрокәсіпкерлік және шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жұмыс беруші есептеген жұмыскердің табысы.
Салық агенттері деп микрокәсіпкерлік және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, АСР қолданатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар танылады.
Бірыңғай төлем мөлшерлемесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап-20,0 пайыз;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап-21,5 пайыз;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-23,8 пайыз;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап-24,8 пайыз;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-25,8 пайыз;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап-26,3 пайыз.
Бірыңғай төлем төлеушілер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі МЗЖ үлесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап-50,0 %;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап-46,5 %;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-42,0 %;
__________________
2 «Салық және басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VI кодексі (Салық кодексі )
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап-40,3 %;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-38,8 %;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап-38,0 %.
Бірыңғай төлемді аудару мерзімі - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының банктік шотына екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы ай сайын, жалпы сомасы есепті кезеңнен кейінгі 25-ші күннен кешіктірмей.
Салық агенттері үшін бірыңғай төлемді есептейтін салық кезеңі күнтізбелік ай болып табылады.
Бірыңғай төлемді енгізу АСР бойынша жұмыс істейтін микро және шағын бизнес өкілдеріне салықтарды және қызметкерлердің кірістерінен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдетуі тиіс. Ол енді бір төлеммен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, тағы бір артықшылық – бұл төлемнің жалпы сомасы бөлек төлемге қарағанда аз.
Сонымен қатар, салық агенті тиісті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың бірыңғай тәртібін дербес айқындайды. Бастапқы немесе кезекті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың таңдалған тәртібі салық кезеңі ішінде өзгертілмейді.
Мен екінші жыл зейнеткермін. Қаңтар айында зейнетақы төлемін өткен жылдың желтоқсанына қарағанда көбірек алдым. Қайта есептеу болды ма және зейнетақы төлемдері қалай есептеледі?
Иә, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан өткен жылғы зейнетақы төлемдері 5% - ға индекстелді.
Қордан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге (2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістермен) (бұдан әрі - Әдістеме) сәйкес есептеледі.
Әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіледі және 12-ге бөлінеді. Белгілі бір санаттағы алушылар (егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде алпыс ай МКЗЖ төленген зейнетақы төлемдерін алушылар) үшін Әдістемеде түзету коэффициенттері көзделген.
Әрбір келесі жыл сайын ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне, яғни 5% ұлғаяды.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады). Тиісінше, ағымдағы жылдың басынан бастап Қордан ең төменгі төлем мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға (2022 жылы – 26 172,3 теңге) ұлғайды және 28 396,9 теңгені (70% * 40 567) құрады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған тұлғалар бойынша зейнетақы төлемдері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының кемінде отыз еселенген мөлшерінде (2023 жылы 30 х 53 076 = 1 592 280 теңге) бұрын таңдалған кесте бойынша (жыл сайын, тоқсан сайын, ай сайын) жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты ортақ зейнетақыны есептеу өзгерді. Енді жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (ортақ зейнетақы) есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың шамасы 55 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте, егер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, бұрын Мемлекеттік корпорацияға зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ұсынылған кез келген үш жыл қатарынан орташа айлық табыс 46 АЕК-тен жоғары болса, қазірде зейнеткер ретінде зейнетақы алып отырған жандар үшін ортақ зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ұлғайтылды. Ол биыл 24 341 теңгеге тең (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%, 60%*40 567).
Нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап қазақстандықтардың зейнетақысының жиынтық мөлшері ұлғайды.