АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі  
жыл сайын артып келеді 

Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін және «БЖЗҚ» АҚ-ға халықтың сенім дәрежесін айқындаған жыл сайынғы тәуелсіз социологиялық зерттеу қорытындылары тағы да жоғары нәтиже көрсетті.   

Зерттеу Қазақстанның 17 облысының және республикалық маңызы бар 3 қаласының ауыл және қала тұрғындарына телефон арқылы сұрақ қою және сауалнама жүргізу арқылы аралас үлгіде жүргізілді. Барлығы 3000 респонденттен сұхбат алынды, оның ішінде ер адамдардың саны - 1456 немесе 48,53% болса, әйелдердің саны - 1544 (51,47%). Респонденттер әлеуметтік мәртебесі бойынша былайша бөлінді: жалдамалы жұмысшылар - 2 076 (69,1%), өзін - өзі жұмыспен қамтығандар - 779 (26%) және жұмыссыздар - 145 (4,9%).

Зерттеу сауалнамасының негізгі бөлігі зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы  халықтың қаржылық сауаттылығын анықтауға, сондай-ақ, Қазақстанның зейнетақы жүйесіне және БЖЗҚ-ға деген сенім дәрежесін анықтауға бағытталған 25 сұрақтан тұрды.

Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейі екі саты бойынша талданды: базалық және озық.

Базалық деңгей бойынша сұрақтардың басым бөлігіне қазақстандықтар дұрыс жауап берді. Мысалы, 1 672 респондент немесе сауалнамаға қатысқандардың жалпы санының 55,73% Қазақстанның барлық азаматтарына кепілдік берілген мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және еңбек өтілі бойынша мемлекеттік (ортақ) зейнетақы, сондай-ақ, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарынан қалыптастырылған, қызметкердің жеке зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері туралы хабардар екен.

Базалық деңгей.

Сауалнама көрсеткендей, халықтың көп бөлігі (62,3%)  қаржылық әл-ауқаттарының негізгі көзі зейнетақы болады деген пікірде, яғни 1 426 респондент немесе 47,53%  бұл – БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы жинақтары, ал 14,77% немесе 443 респондент – мемлекеттен берілетін зейнетақы деп санайды. 490 респондент немесе сауалнамаға қатысқандардың жалпы санының 16,99% қартайған кездегі табыс көзі ретінде басқа жинақтарды атады.

Респонденттердің басым бөлігі – 1 896 адам (63,20%) «БЖЗҚ» АҚ қызметін салымшылардың міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын жинақтау, зейнетақы жинақтарының жеке есебін жүргізу, зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру ретінде дұрыс айқындады. 

Сондай-ақ, сауалнамадан жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде 1 908 адам (63,6%) БЖЗҚ-ға өздері келуді, ХҚКО-ға жүгінуді 1 761 респондент (58,7%), электрондық үкімет порталы арқылы 1 562 (52,1%), ал 1 484 (49,5%) респондент зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерді БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы алған ыңғайлы деп санайды. Сонымен қатар, бұл сұраққа бірнеше жауаптың нұсқасы ұсынылды.

Болашақ зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілік бірінші кезекте жұмыс істейтін азаматтардың өздеріне жүктелетініне қарамастан, халықтың бір бөлігі (1 069 респондент немесе сауалнамаға қатысқандардың жалпы санының 35,63%) өз жинақтарына қызығушылық танытпай, мұны бөгде ұйымдардың (Үкіметтің, БЖЗҚ және т.б.) немесе жалпы мемлекеттің жауапкершілігі деп есептейді.

899 респондент немесе 29,97%  өздерінің зейнетақы жинақтарының сомасына жылына 1 және одан көп рет  қызығушылық танытса,  1 032 респондент немесе 34,40%  екі-үш жылда бір рет қызығушылық танытады екен.

Халықтың ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы туралы хабардарлығын талдау бойынша респонденттердің көпшілігі - 2 455 респондент немесе 81,83% дұрыс жауап берсе,  545 респондент немесе 18,17% әйелдер үшін зейнеткерлік жас өзгерген жоқ және 58 жас деп қате пікір білдірді.

Респонденттердің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығының базалық деңгейдегі сауалнамасының қорытындысы 2022 жылы 77,8% құрады. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 69,9% болған еді.

Озық деңгей.

Озық деңгейдегі сұрақтарға жауаптарды талдау респонденттердің төмендегі мәліметтер туралы хабардар екенін көрсетті:

 - бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу тәсілі болып табылады - 2 428 респондент немесе 80,93%;

- зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылып, бірлесіп сатып алынған мүлікке жатпайды, мұраға берілуі мүмкін және оларға ауыртпалық салынбайды - 2 282 респондент немесе 76,07%;

- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің жүйелілігіне байланысты - 2 214 респондент немесе 73,80%;

- зейнетақы жинақтарынан төлем алу үшін зейнет жасына жеткенде ХҚКО - ға жүгіну қажет -- 2 064 немесе 68,80%.

Нәтижесінде халықтың зейнетақы жүйесі туралы хабардар болуының озық деңгейін білудің жалпы коэффициенті 40% құрады.  

Сенім деңгейі.

Халықтың Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің орташа көрсеткіші 5,80 балл деңгейінде қалыптасты, бұл өткен жылғы көрсеткіш - 5,79 баллдан сәл жоғары.

Қала тұрғындары арасында өткізілген Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім рейтингі халқы ең көп сенім білдіретін аймақ Ақмола (8,61 балл) екенін көрсетті, Атырауда (7,50) және Қарағанды (7,43) облыстарында одан сәл төмендеу. Ауыл тұрғындары арасында сенімнің жоғары деңгейі Маңғыстау облысында тіркелді - 7,37 балл.

Жұртшылықтың БЖЗҚ-ға деген биылғы сенім деңгейі  (6,07 балл) Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің жиынтық көрсеткіші мен  БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейінің былтырғы көрсеткішінен ( 5,84 балл) де сәл жоғары нәтиже көрсетті.

БЖЗҚ-ға сенім деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Қарағанды (7,73), Маңғыстау (7,69) және Атырау облыстарында (7,69 балл) тіркелді.

«БЖЗҚ» АҚ қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігін зерттеу барысы респонденттердің басым бөлігінің ақпарат алу үрдісін оңай қолжетімді деп санайтынын (1 660 респондент немесе сауалнамаға қатысқан халықтың жалпы санының 55,33%) айқындады. Ал олардың аз ғана бөлігі (739 респондент немесе 24,63%) БЖЗҚ туралы ақпарат алу үшін әлі де уақыт пен күш қажет деп есептейді екен.

Респонденттердің көпшілігі жинақтаушы зейнетақы жүйесі, өздерінің жинақтары мен БЖЗҚ есептілігі туралы барлық қажетті ақпаратты www.enpf.kz сайтынан табуға болатындығын білетін болып шықты (2 500 респондент немесе барлық респонденттер санының 83,33%).

Жүргізілген зерттеу нәтижелерін ескере отырып, Қорға және тұтастай зейнетақы жүйесіне деген сенімді одан әрі нығайту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыру барысында БЖЗҚ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыра беретін болады.

Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша есептің толық мәтіні БЖЗҚ сайтында жарияланған.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

FaLang translation system by Faboba

ПАЙДАЛЫ САЙТТАР

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің пайдалы сайттары

client 1 client 1 client 1 client 1