Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның1 25-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) қосымша белгіленеді.
Субсидиялау қағидаларының2 2-тарауының 4-тармағына сәйкес БЖЗҚ-да МЗЖ субсидиялау бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына ай сайын бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Яғни ай сайын, бала бір жасқа толғанға дейін анасының жеке зейнетақы шотына МЗЖ бюджет қаражаты және МӘСҚ қаражаты есебінен мемлекеттік корпорация3 арқылы аударылатын болады.
Субсидиялау кезінде әйелдердің зейнетақы аударымдарының мөлшері МӘСҚ-дан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер алған бүкіл кезең ішінде төмендетілмейді және бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мөлшері есептелген әйелдің табыс мөлшері ескеріле отырып сақталады.
Яғни МЗЖ мөлшері декреттік демалысқа шыққанға дейін белсенді еңбек қызметі кезеңінде алатын табысынан 10% деңгейінде сақталады. Осылайша, 10% жарна мыналарды қамтиды:
4% - бала күтімі бойынша төлемдерді жүзеге асыратын МӘСҚ-дан (МӘСҚ жарналары);
6% - республикалық бюджеттен (субсидия).