БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің 20 отырысы 2022 жылдың 24 маусымында өтті. Күн тәртібінде келесі мәселелер болды: инвестициялық портфельді басқарушылардың инвестициялық стратегиялары (ИПБ), сондай-ақ, «БЖЗҚ» АҚ 2022-2026 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясы.
«БЖЗҚ» АҚ-мен сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан барлық 4 ИПБ ҚК мүшелері өздерінің компаниялары және зейнетақы активтерін басқарудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта ИПБ-ға берілген жинақ көлемі шамамен 9 млрд теңге.
Инвестициялық портфельдерді басқару жөніндегі компаниялар өкілдерінің барлық сөздерінің негізгі түйіні, зейнетақы активтері – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық қызметтің нәтижесін кемінде үш-бес жылдық кезең ішінде талдау орынды. Қазіргі қаржы және экономикалық нарықтағы құбылма жағдай уақытша сипатта, дегенмен ол дереу әрекет етуді талап етеді. «ВСС Invest» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Виктор Кышпанаковтың айтуынша, мұндай жағдайда салымшылардың жинақтарын сақтау өте маңызды. Сол себепті «ВСС Invest» АҚ геосаяси ахуалға тәуелді активтерге инвестицияламау туралы шешім қабылдаған. Осылайша, жоғары кірістілікке қарамастан, қақтығысқа қатысушы елдердің қаржы құралдарына инвестиция салу әу бастан жоспарланбаған.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қамаров барлық инвестициялық басқарушылар үшін осынау қиын-қыстау сәтте тәжірибе алмасу алаңы ретінде мұндай басқосулардың пайдасы зор болатынына тоқталды. Ол, сондай-ақ, қазіргі кезде табыстылықтың төмен деңгейі инвесторлардың әлемде қалыптасқан жағдайға деген теріс көзқарасы екенін, бірақ ұзақ мерзімді басымдықта ИПБ салымшыларға инфляция деңгейінен асатын кірістілікті қамтамасыз етулері тиіс екендіктерін атап өтті.
Одан әрі сөз алған «Halyk Global Markets» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Виталий Хон компанияның зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясы – салымшыларға валюталық тәуекелдерді төмендетіп, активтердің оң сипаттағы нақты құнын сақтау арқылы жылдық кірістілікті қамтамасыз ету екендігін жеткізді. Сондай-ақ, «Halyk Global Markets» АҚ өкілі қаржы құралдарын іріктеу қағидаттарына және зейнетақы активтерін басқару кезінде басқарушы компаниялар тап болатын қиыншылықтарға егжей-тегжейлі тоқталды. Мысал ретінде активтерді тәуелсіз бағалау бөлігіндегі нормативтік-құқықтық актілердің жетілмегендігін, басқарудағы активтер көлемімен салыстырғандағы басқаруға кететін шығындар мен кастодиан-банкті таңдау кезінде қойылған шектеулерді алға тартты.
«Jusan Invest» АҚ Басқарма төрағасы Максим Кабанов қазір қаржы және инвестиция туралы барлық ақпаратты қарапайым тілде жеткізудің өте маңызды екенін атап өтті: «Шын мәнінде, қаржы нарығы өте күрделі. Біз қазір халыққа өздерінің зейнетақы активтеріне салым салудың маңызды әрі оның әлемдік тәжірибесі мол екенін жеткізуге тырысып жатырғанымызбен азаматтардың 90% ол жайында айтылғанның барлық қыр-сырын түсіне бермейді.». Максим Кабанов модельдік портфельдің жиынтық кірістілігі мен бастапқы және қайталама тұрғын үй бағасының жиынтық өзгеруін салыстыра отырып, инвестициялаудың алғашқы түрінің пайдалы екенін атап көрсетіп, ұзақ мерзімді инвестициялау құралдарының мысалдарын келтірді.
ИПБ өкілдерінің пікірлерін талқылау барысында Кеңес мүшелері ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ басқаруындағы портфельде зейнетақы активтерін бағалаудың бірыңғай әдістемесін ұстануды немесе есептілікте қаржы құралдарын бағалаудың әр түрлі тәсілдерін атап өтуді ұсынды.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ИПБ таңдау кезінде ең төменгі жеткіліктілік шегімен шектелмей, БЖЗҚ салымшыларының ауқымын ұлғайту үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуді ұсынды. Бұл бастамаға қатысты «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы қаражаты зейнетақы жүйесінен алынатын тұрғын үй мен емделу мақсатына қарағанда, , ИПБ-ға аударылған кезде ақшаның жүйеде қалатынын және оның нысаналы мақсаты сақталатынын атап өтті. Осыған байланысты қаржы нарығымен бірлесіп ҚҚҚ (Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы) алаңында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегіне байланыстырмай-ақ, ИПБ-ға аударуға болатындай етіп, шарттарды өзгерту туралы ұсыныс қаралуда. Бұл ретте болашақта жеткіліктілік шектің мөлшерін есептеу зейнетақы аннуитеттерінің құнына негізделсе дұрыс болуы мүмкін екені айтылды.
«БЖЗҚ» АҚ алдағы 5 жылға арналған Даму стратегиясы туралы Кеңес мүшелеріне Қордың Стратегиялық даму департаментінің директоры Камиля Фазылова баяндады. Ол enpf.kz корпоративті сайтында директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған жаңа Корпоративтік даму стратегиясы жарияланғанын жеткізді. Алдыңғы Корпоративтік стратегия 2017 жылы бекітіліп, БЖЗҚ-ның 2021 жылға дейінгі кезеңге арналған мақсаттары мен міндеттері толық орындалған болатын.
Жаңа стратегияда БЖЗҚ-ның жинақтаушы зейнетақыны қалыптастыру мен жоспарлауда әр салымшымен жеке қарым-қатынас жасап, жоғары технологиялық қаржы институты ретінде өз дамуын жалғастыратыны көзделген.
2022-2026 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясы «Қазақстан-2050» Мемлекеттік стратегиясына, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасына, қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Тұжырымдамасына сәйкес әлеуметтік саясат қағидаттарына негізделеді.
Стратегияға сәйкес БЖЗҚ өзінің миссиясын «Зейнетақы жинақтарын сенімді есепке алу және әрбір салымшыға қолжетімді сапалы зейнетақы қызметтерін көрсету» деп айқындайды. Бұл миссияны орындау адамға және тұтынушыға бағытталып, сапа, технология, сенімділік, жауапкершілік пен ашықтыққа негізделген. Баяндамашы Қордың алдағы бес жылда мақсаттарға қол жеткізуі және міндеттерді орындауы ең алдымен, салымшылар мен алушылар үшін нәтиже беретінін, өйткені, салымшылардың Қор жұмысына қанағаттанып, сенімді, қолжетімді және жоғары технологиялық қызметтер алуы – БЖЗҚ-ның сапалы еңбек етуінің басты белгісі екенін атап кетті.
Басқосудың барлық материалдары, оның ішінде ИПБ таныстырылымдары Қордың enpf.kz сайтындағы «Қоғамдық кеңес» – «Отырыстардың хаттамалары, тұсаукесерлер» бөлімінде ұсынылған.