Бірнеше жыл бұрын мен зейнетақы қорында шот ашқан едім, бірақ жұмысқа шықпадым. Бұдан кейін үш жыл бойы ресми түрде еш жерде жұмыс істемедім, сондықтан да жарна аударылмады. Енді ресми түрде жұмысқа шықтым, бірақ маған «жеке зейнетақы шотыңыз» жоқ деді. Сонда менің шотым қайда кетті, әрі оны қалай қайтадан ашсам болады?
01.03.2021ж. бастап Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылдың 12 ақпанындағы № 27 қаулысымен бекітілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы (ЖЗШ) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының есебін жүргізу қағидалары күшіне енді. Соған сәйкес зейнетақы жинақтары аударылмаған жағдайда 1 (бір) ай өткен соң ЖЗШ жабылады.
Яғни, бұрын ашылған ЖЗШ, оның ішінде адам жұмысқа орналасқан кезде, шот ашуға өтініш беріп немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасалынбаған жағдайларда, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары болған, әрі зейнетақы жинақтарының барлық сомасын төлеу мен аудару жүзеге асырылған ЖЗШ-да төлем, не аударым жүзеге асырылғаннан кейін 1 (бір) ай ішінде жарналар түспеген жағдайда, бұл шоттардың барлығы автоматты түрде жабылады.
Одан әрі жұмысқа орналасу кезінде жұмыс берушіден алғашқы жарна түскен кезде ЖЗШ автоматты түрде ашылады. Бұл қағидат:
- 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап міндетті зейнетақы жарналарына қатысты;
- 2021 жылдың 1 мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарналарына қатысты;
- 2021 жылдың 26 қазанынан бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (МКЗЖ) қатысты.
Жеке зейнетақы шотына жарналар аударылатын тұлғаның жеке басын куәландыру – МКЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген оның дербес деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады, ал барлық қажетті мәліметтерді: тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрғылықты мекенжайы туралы, өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.