Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі базасында 2025 жылғы 23 қаңтар күні «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында «Цифрлық кітапхана арқылы білім алушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған шара облыс кітапханалары арқылы білім алушылардың цифрлық және ақпараттық ресурстарды өзара пайдалану белсенділігін арттыру, ізденушілік қасиеттерін шыңдау, оқу мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің директоры Ж.Алишева сөз алып кітапханашылардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және колледж білім алушылары мен педагогтерінің тәрбие саласындағы жетістіктерін атап өтіп, тәрбие бағытының жұмысын жандандыруда тиімді тәжірибелерді енгізудің өзекті мәселелеріне тоқталды.
Орталық әдіскері Б.Нурмолдина «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында тәрбие жұмысын ұйымдастыру», С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Г.Сейталина «Креативті индустрия: кітапхана саласында дамыту тәжірибесі», С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, «Кітапхананы дамыту» бөлімінің әдіскері Қ.Алпысбаева «Білім алушылардың оқу мәдениетін дамытуда цифрлық кітапхананың рөлі», тақырыптарында баяндама оқыды. Сонымен қатар, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі директордың кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары М.Казмукашева мен кітапханашы Н.Қобландина «Бір ел - бір кітап - 2025» тақырыбындағы кітап көрмесімен таныстырды.
Тәжірибелік бөлімде Tedx форматында Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі директорының тәрбие орынбасары Ш.Түменбаев, колледждің кітапхана меңгерушісі Р.Ескарина «Цифрлық кітапхана – колледж тәжірибесінде» тақырыбында библио-кросс, топ куратор А.Калиева, педагог-психолог Н.Жармуханбетова қатысушылармен фасилитация ұйымдастырып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Ашық диалогтық алаңда қатысушылар ұсыныстарын айтып, талқыланған мәселелердің өзектілігіне қорытынды жасалды. Шарада өз тәжірибелерімен бөліскен мамандарға орталық басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.