Мұғалім – заман талабына сай, білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытудың озық технологиялары мен жаңа инновациялық әдістерін шебер меңгерген, білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға. Ұстаздардың өз шеберліктерін, шығармашылық еңбегін күнделікті қызметтерінде пайдалана білуі ең алдымен сабақпен байланысты. Сапалы, тиімді әрі нәтижелі жүргізілген әрбір сабақ – ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы.
Осы мақсатта ағымдағы жылдың 26 сәуір күні №7 арнайы (түзету) мектебінің 33 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, педагог-зерттеуші, еңбек және кәсіп пәні мұғалімі Харина Елена Ивановна облыстық әдістемелік отырыста өзінің озық тәжірибесімен бөлісті.
Отырысқа Ақтөбе қаласының инклюзивті қолдау кабинетінің, ресурстық орталық пен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары және арнайы мектеп мұғалімдері қатысты.
Шара барысында Е.Харина ақыл-ойының орташа бұзылыстары бар оқушылардың психофизикалық дамуындағы ауытқуларын түзету, оларға эстетикалық тәрбие беру және шығармашылық қабілеттерін қалыптастырудағы кәсіп пәнінің маңызы туралы құнды ақпарат берді, сонымен қатар шебер-класс, зият бұзылушылығы орташа деңгейдегі оқушылармен ашық сабақ өткізіп, білім алатын сыныптарда оқыту заттық-тәжірибелік әрекет, ойын арқылы жүзеге асырылатынын дәлелдей отырып, заманауи әдіс-тәсілдер, түрлі техникаларды іс жүзінде көрсетті.
Озық тәжірибесімен бөліскен еңбек және кәсіп пәні мұғалімі Харина Елена Ивановна Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы басшысының атынан алғыс хатпен марапатталды.