Ағымдағы жылдың 29 наурыз күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес Әйтеке би ауданы, Т.Жүргенов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандарына арналған онлайн және офлайн форматында «Инклюзивті білім беру жағдайында оқу процесін ұйымдастыру» тақырыбында облыстық оқыту семинары өткізілді.
Семинардың мақсаты: Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және инклюзивті білім беруді іске асыру.
Алғы сөзді Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының мектепке дейінгі және жалпы орта, инклюзивтік білім беру бөлімінің әдіскері М.Раисова алып, инклюзивті білім беру жағдайында оқу процесін ұйымдастырудың жолдарын түсіндіріп өтті.
Тәжірибелік алаң аясында «Жалпы білім беретін орта мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолдары» тақырыбында М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Аманшеева өз тәжірибесімен бөлісіп, теориялық және практикалық жұмысын көрсетті.
Сонымен қатар, «Үй жағдайында оқытылатын білім алушының оқу және математикалық сауаттылығын дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер», «Қазақ тілі және әдебиет пәнінен ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау» тақырыптарында М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қ.Абшукирова мен әдебиет пәні мұғалімі К.Рспамбетова өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында іс-тәжірибелерімен бөліскен педагогтер Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.