«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде студентті жан-жақты дамыған жеке тұлға, өмірлік ұстанымы белсенді азамат және бәсекеге қабілетті кәсіби шебер-маман ретінде қалыптастыру, оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша оқу орнының ата-аналарымен қарым-қатынасын күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту тәрбие жұмысының басты мақсаты болып табылады.
Осы орайда 2023 жылдың 22 қараша күні ТжКББ ұйымдарының топ кураторлары және ата-аналарымен «Кәмелетке толмаған білім алушыларды тәрбиелеуде ата-ана мен педагогтердің құқықтары мен міндеттері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Ж.Д.Нургалиева алғы сөз алып, әр студенттің көшбасшылық ерекшелігін ашу, жастар бастамаларына қолдау көрсету, әлеуметтік жағдайын толық білу бағытында топ кураторлар, ата-аналар жастарды тәрбиелеуде тәрбие жұмысын бірлесе отырып жандандыру қажет екендігіне тоқталды.
Шара барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, ата-аналардың профилактикалық жұмысқа қатысуға оң уәждемесін қалыптастыру, білім алушыларды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың және ата-аналарды педагогикалық қолдаудың маңызы, куратордың тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы тиімді бағыттары бойынша Ақтөбе облысы полиция департаменті ювеналды полиция тобының аға инспекторы, әдістемелік орталық әдіскері, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ орталықтың психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің әдіскері қатысушылармен өмірлік құндылықтарды бағалау, бір-бірін қолдау мақсатында «Құндылық кеңістігі» атты аутотренинг ұйымдастырды.
Шара соңында ашық диалогтық алаң құрылып Ақтөбе облысы полиция департаменті ювеналды полиция тобының аға инспекторы Н.А.Мукумов, облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Д.К.Халетова колледждерде тәрбие жұмысын жүргізуде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, отбасылық және қоғамдық тәрбие байланысына мүдделі әкімшілік, педагогикалық қызметкерлерді біріктіру, балалардың заңды өкілдерінің құзыреттерін қалыптастыру, ата-ана мен колледж арасындағы үздіксіз байланысты нығайту аясындағы пікірлері ескеріліп, ұсыныстары қабылданды. Сонымен қатар, топ кураторлар мен ата-аналар қойған сұрақтарымен пікірлеріне тұщымды ақпарат алып өзара пікір алмасты.