Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес 2023 жылғы 17 қазан күні Ақтөбе қаласындағы № 56 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гатауова Жансулу Канатовнаның «Бастауыш сынып оқушыларының бойына ұлттық құндылықты дарытудағы Абай шығармаларының рөлі» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық шебер-класс өтті.
Шебер-класқа облыстың бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, мектеп директоры Гульнар Наримбетова құттықтау сөз сөйледі.
Теориялық бөлімінде «Абай әлемі-менің әлемімде...» тақырыбында бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарымен таныстырылып, Жансулу Гатауованың «Құндылыққа қадам» тақырыбында «Абай тағылымы» таңдау пәнінің бағдарламасына қысқаша шолу жасалды. Сонымен бірге «Абай мұрасындағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында бастауыш сыныптарда Абай шығармаларын оқытудың кейбір ерекшеліктеріне тоқталды.
Практикалық бөлімінде құндылықтарды ашу мақсатында «Абай тағылымы-құндылық танымы» тақырыбында тапсырмалар топтық жұмыс арқылы орындалып, «Құнарлы ой- құндылық» атауымен кері байланыс жасалды.
Қорытынды бөлімінде «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе»- тақырыбында өмірге азық боларлық асыл ойларды Абай жырларынан іздеп, танып, оқып, өздерінің жандарына серік етуді бастаған бастауыш сынып оқушыларының өнері тамашаланды.
Шара соңында Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі, г.ғ.магистрі Светлана Жубаева қатысушылармен пікір алмасты. Қатысушылар тарапынан бастауыш сынып мұғалімдерімен желілік қоғамдастық құрып, ұлы Абай шығармаларын оқытуда жас ерекшеліктерін ескеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде іс-тәжірибелерімен бөлісу жұмыстарын одан әрі жалғастыру туралы өз ұсыныстарын жеткізді.
Ұлы ақын шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», олардың бойында ұлттық құндылықты дарытудағы іс-тәжірибемен бөлісуді көздеген шебер-класс қатысушылары ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдіріп, кроссенс пластфоормасы арқылы ізгі тілектерін арнады.
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі, г.ғ.магистрі С.Жубаева