«Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» республикалық семинар-кеңесінің биология пәні бойынша секциялық отырысы «Білім-инновация» лицейі базасында өтті.
Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған семинарға қатысушыларды оқушылар ансамблі күй тартып құттықтаумен қарсы алды.
Секциялық отырыста виртуалды педагогтеріміздің іс-тәжірибелері көрсетілді.
Секциялық отырыс барысында Ақтөбе қаласы №51 гимназияның биология пәні мұғалімі Сәуле Ерназарова «Сабақ құрылымындағы белсенді әдіс-тәсілдер» тақырыбында коучинг өткізіп, сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдер қолданды.
«Қашықтан оқытуда биология сабағында «Wodwall, Padlet, Learning Apps» қосымшалары мен цифрлық микроскопты қолданудың тиімділігі» тақырыбында Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның биология пәні мұғалімдері Рабила Сүлейменова, Мейрамгүл Тұрмағамбетова шебер-сынып өткізді. Мұғалімдер Padlet тақтасының сабақ үдерісінде пайдалану тиімділігі туралы ақпарат бере отырып, тақырыпты бекітуге арналған «Wordwall», «Learning Apps» қосымшалармен таныстырды. «Жаңа нәрсені оқыту адамның нені білетінімен және түсінетіндігімен байланысты» деген пікірді басшылыққа ала отырып, https://wordwall.net/ ресурсын қолдана отырып, Хромтау ауданы №3 орта мектебінің биология пәні мұғалімі Нұрсұлу Көптенова «Бағаналы жасушалар ұғымы және олардың қасиеттері» тақырыбында панорамалық сабақ көрсетті.
«Биологиялық заңдылықтар мен ұлттық код: кеше, бүгін және ертең» тақырыбында М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының биология пәні мұғалімі Гаухар Зарипова халықтық педагогикамен байланысты түсіндірмелерді көрсетті.
Секциялық отырысқа қатысқан биология пәні мұғалімдерімен Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің әдіскері Нұрбақыт Айтжанова фасилитация жүргізді.
Шара соңында кері байланыс жүргізіліп, қатысушылар жылы лебіз тілектерін жеткізді.
Секция отырысы Ақтөбе қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейіндегі облыс оқушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі мен тарихи-өлкетану мұрайына экскурсиямен жалғасып, өңірден келген қонақтар қаламыздың көрнекті жерлерімен танысты.