Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 24 ақпан күні «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» республикалық байқауының жеңімпазы, Ақтөбе қаласындағы № 49 «Думан» бөбекжай-балабақшасының әдіскері, ПШО тренері Ағила Таңатарқызы Казмұханбет «Педагогтердің кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігін арттыруда әдістемелік жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында облыстық шебер-сынып өткізді.
Шебер-сыныпта мектепке дейінгі ұйымдардың жас әдіскерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруда практикалық көмек көрсету және озық тәжірибесімен бөлісу мақсаты көзделді.
Ағила Таңатарқызы балабақшада әдістемелік жұмысты инновациялық әдіс-тәсілдермен байланыстырып, кәсіби құзыреттілігінің артуына ықпал ететін педагогикалық тәсілдер мен білім беру ұйымының сапасын арттырудың тиімді тұстарын көрсетті.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын іске асыруда циклограмма және перспективалық жоспар үлгілері мен бақылау түрлерін ұсынып, қатысушыларға топтық жұмыс ұйымдастырды.
Жас әдіскерлердің белсенділігін арттыруда тиімді заманауи «Тимбилдинг», «Кинезотерапия», «Ассоциация» және «Тарсия» әдіс- тәсілдерін қолданды.
Қатысушылармен кері байланыс жүргізіліп, өзекті сұрақтарға нормативтік-құқықтық құжаттар негізінде әдістемелік тұрғыда жауап берді.
Мурзагулова М.Т.- мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің әдіскері