Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен информатика пәні мұғалімдеріне жалпы білім беретін «Білім» мектеп-гимназиясының мұғалімдері Байсунова Айгуль Нуржановна және Сарсенгалиева Ляйля Муратовнамен «Web жобалау» тақырыбында вебинар өткізілді.
Вебинардың мақсаты – оқу бағдарламасына сәйкес web-жобалау бөлімінің тақырыптарын негізге ала отырып – сайт құру, сайт контентін құру, насихаттау жолдарын үйретуде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруда өзара педагогикалық тәжірибе алмасу.
Шараның ашылуында Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ІТ бөлімінің әдіскері Ж. Габбасова қазіргі заманға сай бағдарламалау тілдерін меңгеруде wеб беттерді жобалаудың артықшылықтары мен тиімді жолдарын тәжірибеде жүйелі пайдалану цифрлық құзыреттілігін әрдайым жетілдіруді қажет ететіндігін атап өтті.
Вебинар барысында А.Байсунова мектеп бағдарламасына сәйкес web-бағдарламалау тілдеріне шолу жасап, соның ішінде web-сайтты жобалау кезеңдері, сайт қартасын құру ережелері, сайт конструкторларын зерделеу және XML тілінде жұмыс істеу принциптері мен қызметіне тоқталып теориялық білімдерін жетілдірді.
Ал, Л. Сарсенгалиева контент құру, web-бетке мультимедиа қою, web-сайтты жариялау мүмкіндіктеріне тоқтала келе, вебинар тыңдаушыларымен бірлесе отырып сайт жасау мүмкіндіктерін игеру мақсатында практикалық жұмыстар ұйымдастырды.
Теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін шыңдауға арналған вебинарда қатысушылармен ашық диалогтық алаң құрылып өзара пікір алмасу, кері байланыс жасалды.