Бүгін облыс әкімдігінің ғимаратында үздік педагогтердің еңбектерін насихаттау, озық ұстаздардың тәжірибесін тарату, қоғамдағы беделін арттыру, мәртебесін көтеру және оның мамандығының қажеттігін көрсету мақсатында жарық көрген «Ақтөбе облысының үздік педагогтері 2012-2021 жж.» атты энциклопедияны табыстау рәсімі өтті. Аталған энциклопедияға 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік педагог» конкурсы мен жергілікті «Ақтөбе облысының үздік педагогі» және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы иегерлерінің еңбек жолы мен үздік іс-тәжірибелері енді.
Облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Д.Ұ.Жаманбаева республикалық көлемде танымал болып, кәсіби мықтылығын мойындата білген педагогтерімізге энциклопедияны табыстап: «2012-2022 жылдар аралығында облыстың 48 педагогі республика бойынша «Үздік педагог» атанды. Бұл - облыс үшін үлкен мақтаныш. Облыстың бiлiм беру жүйесiн дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусiз үлес қосқан педагогикалық еңбек ардагерлерiне де алғысым шексіз! Көп жылғы тәжiрибелерiңiз, даналықтарыңыз бен төзiмдiлiктерiңiз кейінгі буын ұстаздар үшін үлгі-өнеге,-» деп шын жүректен зор алғысын білдірді.
Энциклопедияның толық нұсқасын aonpc.kz сайтынан қарай аласыздар.