Ақтөбе облыстық ғылыми - тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 28 ақпан күні «Бастауыш сынып оқушыларының цифрлық сауаттылығын қалыптастыру ерекшеліктері» тақырыбында облыстық онлайн-семинар өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты 1-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық» пәнінің жүргізілуі бойынша педагогтерге әдістемелік көмек көрсету.
Семинардың ашылуында Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ІТ бөлімінің әдіскері, п.ғ.м., Габбасова Жадыра Талаповна «Цифрлық сауаттылық» оқу пәні 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғаш рет 1-сыныпқа енгізіліп отырғанына тоқталып, цифрлық сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналғанын, сондықтан балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында Әбіш Кекілбаев атындағы № 72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Жумагулова Нургул Айтугановна «Бастауыш сыныптарда цифрлық сауаттылық пәнін оқытуда TopIQ платформасын пайдалану» тақырыбында платформа жұмысын түсіндіріп, баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қобда ауданы, Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Есибекова Анара Конысовна, «Бастауыш сыныпта цифрлық сауаттылық пәнін оқытудағы ойын сәттері» тақырыбында оқытудың интерактивті сервистері – WordWall интерактивті тапсырма құру, әр пән бойынша оқу-әдістемелік қосымшалар жасауға мүмкіндік беретін LearningApps.org платформасын қолдану жайлы, «Эффективное обучение цифровой грамотности младших школьников» тақырыбында №1 Хромтау орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Уразова Олеся Амандыковна оқушылардың алған білімдерін күнделікті өмірде қолдана алу аясын кеңейту және оларды қабылдауға мүмкіндік жасау мақсатында өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған шараға облыстың 150-ге жуық информатика пәні мұғалімдері қатысып, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін шыңдады.
Қатысушы педагогтермен «Тамаша идеялар» әдісімен кері байланыс жасалып, өзара ашық сұхбат жүргізілді.