Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында "Тәуелсіздік жылдарындағы Ақтөбе облысы білім саласының дамуы" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.
Конференцияның мақсаты – Ақтөбе облысы бойынша ел егемендігін алғаннан кейінгі білім берудің әр саласы бойынша өзгерістер мен жаңалықтар бойынша ақпараттандыру.
Конференция барысында «Алтын тұмар» кітабының көрмесі, облыстағы үздік ұстаздардың шебер-кластарының шеруі ұйымдастырылды.
Конференцияға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының басшысы Е.Ә.Жұмашов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Т.Шоқым, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы, филология кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, жерлесіміз Н.Ж.Құрман қатысты.
Конференцияда облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Н.Л.Бертлеуова "Тәуелсіздік жылдарындағы Ақтөбе облысы білім саласының дамуы" тақырыбында баяндама жасап, білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.
Конференция барысында әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту, 21 ғасырдағы білім беру жүйесіндегі тәжірибелер, педагогикалық кадр даярлау, жаңартылған білім беру мазмұнындағы жаңашылдық, Тәуелсіздік құндылығы - сапалы білім мен тәрбие берудің кепілі, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновациялық өзгерістер мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Н.Батырхан ғылыми-тәжірибелік конференцияны қорытындылап, өңір педагогтерін білім саласының дамуына қосқан еңбектері үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сыйақысын табыстады.