ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ: БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАЖЕТТІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/468-inklyuzivt-o-am-a-adam-balany-y-y-men-azhett-l-g-tal-ylandy#sigFreeId6a901964af
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес 2026 жылғы 9 қазанда «КӘСІБИ ӘЛЕУЕТ. ЖАҢА МҮМКІНДІК. ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІК» облыстық жобасы аясында «Инклюзивті қоғамға қадам: баланың құқығы мен қажеттілігі» тақырыбында Case study форматында диалогтік алаң өтті.
Іс-шараның мақсаты – қатысушылардың бала құқықтары, оның жеке қажеттіліктері және инклюзивті орта қалыптастыру туралы түсініктерін кеңейту, нақты жағдаяттарды талдау арқылы тиімді шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
Қазіргі білім беру жүйесінде инклюзивті мәдениетті қалыптастыру – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер берудің маңызды шарты. Осыған орай, іс-шара барысында инклюзивті мәдениеттің мәні, оның негізгі қағидаттары мен құндылықтары, сондай-ақ білім беру ортасында әр баланың психологиялық қауіпсіздігін, әл-ауқатын және тұлғалық дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығы талқыланды.
Диалогтік алаң жұмысына арнайы педагогтер мен педагог-психологтар қатысты.
Іс-шара барысында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының оқытушысы, «Анима» тұлғаны дамыту орталығының басшысы, нейропсихолог және практикалық психолог Жайнагүл Тлеповна Консбаева баламен практикалық жұмыс жүргізуде оның жеке ерекшеліктерін ескерудің және даму әлеуетін қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
«Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Гүлбарша Шарапиевна Жиенқұлова өз тәжірибесімен бөлісіп, балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолдау көрсетудің тиімді жолдарын ұсынды.
Ал «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директоры Меруерт Күнболқызы Жұбандықова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жеке тұлға ретінде қабылдау, олардың мүмкіндіктерін бағалау және қоғамға толыққанды кірігуіне жағдай жасау мәселелерін қозғады.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде қатысушылар нақты жағдаяттарға негізделген кейстерді талдап, практикалық тапсырмаларды орындады. Кәсіби пікір алмасу барысында мамандар өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелік шешімдермен бөлісті. Қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру – әр баланың құқығын құрметтеуден, оның қажеттіліктерін түсінуден және жеке мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасаудан басталады.

