2026 жылдың 8 маусым күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Кедергісіз білім беру: кәсіби даярлық, өзекті мәселелер және ата-аналармен тығыз ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелдің жұмысын Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Дина Жаманбаева ашып, қатысушыларды іс-шараның маңыздылығымен таныстырды. Өз сөзінде ол өңірде инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, барлық балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Іс-шара барысында Ақтөбе облысының білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбекова «Өңірдегі инклюзивті және арнайы білім беру: қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, облыстағы инклюзивті білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының оқытушысы, нейропсихолог, «Анима» тұлғаны дамыту орталығының басшысы Жайнагуль Консбаева «Инклюзивті ортадағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу: тәжірибе және өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың тиімді тәсілдері мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледж директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, арнайы пәндер оқытушысы, педагог-шебер Бибігүл Жамекова «Білімдегі теңдік: Италияның инклюзивті білім беру модельдерін отандық тәжірибеге кіріктіру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, шетелдік тәжірибелерді қазақстандық білім беру жүйесіне бейімдеу мүмкіндіктерімен таныстырды.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары инклюзивті білім беруді дамыту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сапалы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету және ата-аналармен серіктестікті нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар инклюзивті және арнайы білім беру сапасын арттыруға, білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді. Дөңгелек үстел кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналып, инклюзивті білім беруді дамытудағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

