Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында қорытыланған республикалық «Үздік педагог — 2021» байқауының нәтижесінде марапатталған еліміздегі мектептердің мұғалімдері мен колледждер оқытушыларынан құралған 64 үздіктің қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Солардың бірі — №3 Алға қазақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі әрі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айтжанова Рита да бар, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ол облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі ретінде тарихты бала кезінен сүйіп, өз болашағын осы пәнді оқытумен байланыстыруды қалады. 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1998 жылы бітірді. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық біздің білім ордасында жемісті еңбек етіп келеді. Рита Жасанқызы еліміздің үздік педагогі атанғанға дейін де облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
– Ол өз білімін жетілдіру мақсатымен біліктілікті көтеру курстарына, семинарлар мен конференцияларға қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Биыл қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға байланысты іс-шара ұлы ағартушының туған жерінде ұйымдастырылғаны белгілі. Салтанатты шарада ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің үздік педагогтерін құттықтап, оларға төсбелгілер мен 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3 миллион теңге) көлемінде ақшалай сертификаттар табыстады. Солардың қатарында әріптесіміздің лайықты құрметке ие болуы біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді ұжымдастары.
Кейіпкердің айтуынша «Талантты ұстаз — 2020» шығармашылық байқауында дараланып, облыстық пәндік олимпиадаларда бірнеше рет жүлделі орынға ие боған. Бұрын да тағылымды тәжірибесін баршамен бөлісе білген парасатты педагог, алдағы уақытта да білетінін жас мамандарға үйретуді жүйелі жолға қоямақ ниетте.