Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Үздік педагог — 2021» байқауы қорытындыланды. Байқау нәтижесі бойынша 64 ұстаз үздік атанды.

Олар — еліміздегі мектептердің мұғалімдері мен колледждер оқытушылары. Осы 64 үздіктің қатарында ақтөбеліктер, яғни біздің жерлестеріміз де бар. Солардың бірі — №3 Алға қазақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі әрі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рита Айтжанова.

Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Рита Айтжанова тарихты бала кезінен сүйіп, өз болашағын осы пәнді оқытумен байланыстыруды қалады. 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1998 жылы бітірді. Міне, содан бері 23 жыл бойы №3 Алға қазақ орта мектебінде еңбек етіп келеді.

Еліміздің үздік педагогі атанғанға дейін де Рита Жасанқызы облыстық білім басқарамасының Құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Ол өз білімін жетілдіру мақсатымен біліктілікті көтеру курстарына, семинарлар мен конференцияларға қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. «Талантты ұстаз — 2020» шығармашылық байқауында да үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ облыстық пәндік олимпиадаларда бірнеше рет жүлделі орынға ие болды.

Биыл қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға байланысты іс-шара ұлы ағартушының туған жерінде өтті.

Қостанайда өткен салтанатты шарада ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің үздік педагогтерін құттықтап, оларға төсбелгілер мен 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3 миллион теңге) көлемінде ақшалай сертификаттар табыстады. Солардың қатарында жерлесіміз Рита Айтжанованың да болуы — біз үшін үлкен мақтаныш.

Біз ұстаздарға көрсетілген бұл құрметке қуанамыз, ұстаздар беделінің арта түсуін тілейміз. Өйткені ұстаз беделі — білім сапасының кепілі.

FaLang translation system by Faboba

ПОЛЕЗНЫЕ САЙТЫ

Полезные сайты государственных учреждений Республики Казахстан

client 1 client 1 client 1 client 1