Ақтөбе облыстық ғылыми - тәжірибелік орталығының жоспарына сәйкес ағымдағы жылғы 17 қараша күні Ақтөбе қаласындағы №60 жалпы білім беретін орта мектепте Исатай Тайманұлының 230 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай «Азаттықты аңсаған күрескерлер» атты облыстық дөңгелек үстел өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға Ақтөбе облысы тарихшылар ассоциациясының мүшелері мен облыстағы мектеп мұғалімдері қатысты.
Облыстық дөңгелек үстел мектеп тарихшылары Касимов Есбол мен Карабасова Асельдің мектептегі «Асыл мұра» мұражайын қатысушыларға таныстыруымен басталды. Содан кейін №60 жалпы білім беретін орта мектебінің тарих пәні мұғалімдерінің өз іс-тәжірибелерін бөлісумен жалғасты. Төлеухан Әлияның «Мен мен едім мен едім», Сыдыкова Алтынгулдің «Алаштың Әлиханы», Амирова Мөлдірдің «Школы Жангир хана в Букеевской Орде», Ертемір Азаматтың «Алаштықтардың арманы», Қоңыратбаева Әлияның «Ереуіл атқа ер салған Исатайдай ер қайда?» атты тың зерттеу тақырыптарымен қамтылды. Осыдан соң, Тобылбаев Еркіннің дайындаған «Зұлмат жылдар жаңғырығы» бейнероликпен жалғасып, «Оқуға құштар мектеп» аясында «Азаттық таңын аңсаған алаш арысы» атты кітап көрмесін Утениязова Гулмира мен Байтохина Асемгуль таныстырып, құнды ақпараттардан мәліметтер ұсынды.
Сонымен қатар, облыстық дөңгелек үстел барысында «Қазақ зиялыларының көтерген мәселелерінің қазіргі заманмен байланысы..», «Жас ұрпақ бойында Тәуелсіздікті аңсаған тұлғаларды ұлықтау қаншалықты деңгейде екендігі», ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының тарихи маңызы және Қазақстан тарихы оқулығының қайта жазылуы» мәселелері дөңгелек үстел қатысушылары арасында қызу пікірталас тудырып, өзекті мәселелер талқыланды.