2021 жылғы 30 қаңтар күні жас мұғалімдер форумы өткізіліп, облыс көлемінде алғаш рет «Жас қанат» макрожобасы бастау алды.
Жоба педагогикалық шеберлік орталығының бастамасымен және Ақтөбе облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылмақ.
Жобаның мақсаты – жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыру және шығармашылық әлеуетін жандандыру, инновациялық белсенділігін дамыту, одан әрі кәсіби өсу үшін жағдай жасау және оларды облыстың білім беру мекемелерінде бекіту.
Zoom платформасы арқылы өткен «Жас қанат» макрожобасының тұсаукесеріне 3 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар 104 жетекші мектептің жас мұғалімдері мен оларға бекітілген 50-ге жуық тәлімгер-педагог қатысты.
Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Лаззат Аманжоловна Уразбаева құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасындағы жаһандық сыйлықтың амбассадоры, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы Муаммер Гүл өз тәжірибесімен бөлісті. Содан соң табысты жас педагогтер, «Әлем мұғалімі» жаһандық конкурсының номинанты Асхат Советханұлы Жұмабаев, Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы Мират Қорғанбекұлы Оспанов және Алға ауданының жас ұстазы Нұртаза Мөлдір Нұржанқызы сөз сөйледі.
Сондай-ақ, форумда мұғалім мамандығы және «Жас қанат» макрожобасы туралы пікір алмасылды.