2026 жылдың 12 маусым күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбе қалалық №19 орта мектебінің базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына арналған «Баланың болашағы – бірлескен қолдауда» тақырыбында бірлік алаңы өткізілді.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/440-balany-bolasha-y-b-rlesken-oldauda#sigFreeId5f68589be7
Іс-шараның мақсаты – ата-аналарға қолдау көрсету, олардың эмоционалдық жүктемесін жеңілдету, күнделікті күйзеліс пен шаршауды азайту, жақсы көңіл-күй сыйлау және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Шара барысында мамандар ата-аналармен түрлі бағыттар бойынша мазмұнды кездесулер ұйымдастырды. «Үйдегі түзету-дамыту ортасы: сабақ жүргізу және баланың даму динамикасын бақылау» тақырыбында үй жағдайында түзету-дамыту жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдары, баланың жетістіктерін жүйелі бақылау мен бағалау тәсілдері таныстырылды. «Сөйлеу тілін түзету мен дамытудағы заманауи ойын технологиялары» тақырыбында сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға арналған ойын әдістері мен инновациялық технологиялар ұсынылды. «Әр сәт – қолдау мен дамыту мүмкіндігі» алаңында баланың күнделікті өміріндегі әрбір әрекетті дамыту құралы ретінде пайдалану жолдары түсіндіріліп, ата-аналарға практикалық кеңестер берілді. Сонымен қатар, «ОТ ойындар» бөлімінде отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға, баланың танымдық және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға бағытталған ойындар көрсетілді. Ал «Менің балам – менің күшім» тақырыбындағы кездесуде ата-аналардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтау, баланың жетістіктерін бағалау және өз күшіне деген сенімділікті арттыру мәселелері қозғалды.
Бірлік алаңы ата-аналар үшін пайдалы ақпарат пен тәжірибе алмасу алаңына айналып, ерекше балалардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетудегі отбасы мен мамандардың бірлескен жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Қатысушылар ұйымдастырылған іс-шараның өзектілігін атап өтіп, осындай кездесулердің жалғасуына қызығушылық білдірді. «Баланың болашағы – бірлескен қолдауда» қағидасы аясында өткен шара барлық қатысушыларға жаңа білім, тың тәжірибе және өзара қолдау сыйлады.

