Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының 25.09.2025 жылғы №71 бұйрығына сәйкес 2026 жылы 13 қаңтар күні Ақтөбе қаласы М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ибрашева Гулдана Нигметовнаның жетекшілігімен «Жасанды интеллект логика әлемінде» тақырыбында облыстық шығармашылық шеберханасының алғашқы отырысы өтті. Шараға облыстың білім беру ұйымдарынан келген педагогтер қатысып, тәжірибе алмасу алаңында бас қосты.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/416-zhasandy-intellekt-logika-lem-nde-ta-yrybynda-oblysty-shy-armashyly-sheberkhanasyny-al-ash-y-otyrysy-tt#sigFreeId714817ff19
Мақсаты: бастауыш сынып мұғалімдерін жасанды интеллект платформаларын тиімді пайдалана отырып, логикалық тапсырмаларды шешу жолдарын меңгерту, іс-тәжірибе алмасу арқылы кәсіби шеберліктерін арттыру.
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі, г.ғ.магистрі Жубаева Светлана Онайевна шығармашылық шеберхананың ашылуында қатысушыларға ізгі лебізін білдіріп, бүгінгі білім беру кеңістігінде педагогтің кәсіби дамуы, шығармашылық ізденісі және заманауи технологияларды тиімді қолдануы уақыт талабы екендігін атап өтті. Өз сөзінде мұғалімнің үздіксіз ізденісі мен тәжірибе алмасуы білім сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін айтып, шеберхана жұмысына сәттілік пен нәтижелі жұмыс тіледі.
Бағдарлама аясында «Кәсіби портрет» интерактивті танысу алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар шеберхана жетекшісімен еркін форматта танысты. «Менің визиткам» тренингі арқылы педагогтер өздерін шығармашылық қырынан таныстырып, жылы әрі еркін атмосфера қалыптасты.
Теориялық бөлімде бастауыш сынып мұғалімі, шығармашылық шеберхана жетекшісі Ибрашева И.Г. «Жасанды интеллект логика әлемінде» тақырыбындағы шеберхананың мақсат-міндеттерімен таныстырып, қазіргі білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолданудың өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар «Логика және жасанды интеллект ұғымдары» тақырыбында коучинг өткізіліп, қатысушылар тақырып бойынша теориялық білімдерін толықтырды.
Практикалық бөлімде педагогтер топтық жұмысқа қатысып, «Joyteka» платформасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, логикалық тапсырмалар мен есептерді шешу жолдарын тәжірибе жүзінде орындады. Бұл бөлім қатысушылардың цифрлық платформалармен жұмыс жасау дағдыларын жетілдіруге, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға және оқыту үдерісіне жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталды.
Шара соңында «Пікірлер себеті» рефлексиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, шеберхана жұмысына жоғары бағаларын берді. Қорытынды сөз сөйлеген Жубаева А.О. педагогтердің белсенділігіне ризашылығын білдіріп, кәсіби ізденіс пен шығармашылық табыс тіледі.
Аталған шеберхана педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап, заманауи білім беру кеңістігінде жаңа мүмкіндіктерді игеруге бағытталған тәжірибе алаңы болды.

