2026 жылдың 13 мамыр күні Ақтөбе қаласы №38 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.Б. Уразованың жетекшілігімен облыстық шығармашылық шеберханасының ІV отырысы өтті. «Болашақ педагогы: ЖИ және сингапурлық технологиялармен жобалық тәсіл» тақырыбындағы басқосу заманауи білім берудегі тың бағыттарды талқылауға арналды.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/391-bolasha-pedagogy-zhi-zh-ne-singapurly-tekhnologiyalarmen-zhobaly-t-s-l#sigFreeId71c9521c1c
Шеберхананың басты мақсаты — жасанды интеллект пен сингапурлық әдістемелерді сабақ үдерісіне кіріктіру арқылы білім беру сапасын арттыру, педагогтің жаңа форматтағы рөлін айқындау болды.
Іс-шараны мектеп директоры Л.Ш. Урекешова ашып, «Педагог-архитектор: оқушы жетістігін жобалаймыз» тақырыбында мазмұнды ой бөлісті. Ол бүгінгі мұғалім тек білім беруші ғана емес, оқушының жетістігін жүйелі жоспарлайтын бағыттаушы тұлға екенін атап өтті.
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының әдіскері А.Қ. Әжібаева «Болашақ сабағы: күрделіні қарапайым тілмен» қағидасына тоқталып, қазіргі сабақтың құрылымы мен оқушыға бағытталған жаңа тәсілдер туралы пікір білдірді.
Шеберхана барысында қатысушылар жасанды интеллектінің білім беру саласындағы нақты мүмкіндіктерімен танысты. Практикалық бөлімде ЖИ-ді тапсырма дайындау, оқушы жұмыстарын тексеру, оқу материалдарын визуализациялау үдерістеріне енгізу жолдары көрсетілді.
Сонымен қатар, педагогтер жасанды интеллектіні тиімді қолдану тәжірибелерімен бөлісіп, оқу материалдарын әзірлеудің жаңа үлгілерін ұсынды. Әсіресе, «Оқытудағы vibe coding технологиясы» тақырыбындағы воркшоп қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, IT мен педагогиканы ұштастырудың тың мүмкіндіктерін көрсетті.
Шығармашылық шеберхана соңында қатысушылар заманауи цифрлық шешімдерді сабақ тәжірибесіне енгізу бойынша өзара пікір алмасып, жаңа идеялар мен кәсіби шабытқа ие болды.

