Қарабұлақ орта мектеп-балабақшасында «5Б» жобасы аясында «Білім мен тәрбиенің біртұтас жүйесі» тақырыбында мазмұнды әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шара білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/383-b-l-m-men-t-rbien-b-rt-tas-zh-jes#sigFreeId1b9635b423
Қалдыбаева А.Б. – Мәлік Ғабдулин атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы нақты іс-шаралар жүйесін және оны жүзеге асыру тәртібін түсіндіріп, тәрбие жұмысына қатысты нормативтік құжаттардың орындалу талаптарына кеңінен тоқталды. Ол бағдарлама мазмұнының оқушы бойында адалдық, жауапкершілік және азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы рөлін айқындап өтті.
Муздакова А.Ж. – Хромтау ауданы Аққұдық орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ұжым ішіндегі психологиялық жағымды ахуалды қалыптастыру, өзара қолдау мәдениетін дамыту және педагогикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мектеп ұжымындағы сенім мен сыйластық – сапалы білім берудің басты негіздерінің бірі.
Ал Бекбаулова А.Қ. – Қобда ауданы Сарыбұлақ орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда жиі кездесетін қателіктерге тоқталып, оларды болдырмау және түзету жолдары бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ол сабақ жоспарлау мен өткізу сапасын арттыруда жүйеліліктің маңызды екенін ерекше атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар тәжірибе алмасып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған ортақ міндеттер мен нақты қадамдарды айқындады. Бұл әдістемелік кездесу педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім мен тәрбие үдерісін жетілдіруге бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.

