Ағымдағы жылдың 12 наурыз күні білім беру ұйымдарының директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, «Балалар кітапханасы» жобасының жетекшілері, мектеп кітапханашылары, сынып жетекшілерге арналған «Қазіргі мектеп кітапханасының жаңа миссиясы» тақырыбында облыстық оқыту вебинары өтті.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/341-az-rg-mektep-k-tapkhanasyny-zha-a-missiyasy-oblysty-o-ytu-vebinary#sigFreeIda34f1e586c
Қазіргі білім беру кеңістігіндегі мектеп кітапханасының рөлін жаңғырту, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында оқырман мәдениетін қалыптастырудың тиімді тәжірибелерімен бөлісу.
Шараны Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Аскербекова Ақгүл Аскербековна ашып, мектеп кітапханасының қазіргі білім беру жүйесіндегі стратегиялық маңызына тоқталды. Ол кітапхананың тек кітап қоры сақталатын орын ғана емес, оқушының зияткерлік және рухани дамуына ықпал ететін маңызды білім орталығы екенін атап өтті.
Вебинар барысында тәжірибелік баяндамалар ұсынылды:
- Калмукашева Жансая Жумабаевна, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №4 гимназиясының кітапхана меңгерушісі – «Кітапхана: ізденіс пен жаңашылдық кеңістігі» тақырыбында сөз сөйлеп, кітапхананы заманауи форматта ұйымдастыру, оқырман қызығушылығын арттыру және инновациялық жобаларды енгізу тәжірибесімен бөлісті.
- Бирмаганбетова Жамила Жайлибаевна, Байғанин ауданы, №3 Қарауылкелді орта мектебінің кітапханашысы – «Жақсы кітап – жан азығы» тақырыбында кітап оқудың тұлғалық дамудағы рөлі мен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
- Қуландиева Бибинур Қуландықызы, №10 жалпы білім беретін орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және Исмагамбетова Венера Конысовна, аталған мектептің кітапханашысы – бірлескен «Ғибрат ал» онлайн кеңістігіндегі оқушы тұлғасын дамыту жобасын таныстырып, цифрлық ортада оқушылардың оқу мәдениетін дамыту мен рухани-адамгершілік тәрбие берудің тиімді жолдарын көрсетті.
Вебинар соңында қатысушылар арасында рефлексия ұйымдастырылып, «Не білдім? Не қолданамын?» форматында кері байланыс алынды. Қатысушылар мектеп кітапханасының жаңа миссиясын жүзеге асыруда бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған тәжірибелерді өз ұйымдарында қолдануға дайын екендіктерін білдірді.

