2026 жылғы 23 ақпан күні Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «IT-балабақша» облыстық жобасы аясында Мұғалжар ауданы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында «Жасанды интеллект және білім: мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған мүмкіндіктер» тақырыбында семинар-практикум өтті.
Шараның ашылуында Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі А.А.Искендирова алғы сөз сөйлеп, облыс көлемінде жүргізіліп жатқан жоба жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Балабақша меңгерушісі К.С.Медеуова «Балабақшадағы жасанды интеллект: жаңа тәсілдер» тақырыбында балабақшада цифрлық технологияларды тиімді қолданудың өзекті бағыттарын атап айтты.
«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының педагогтері «Заманауи әдіскердің кәсіби мүмкіндіктері», «Білім беру үдерісінде ЖИ арқылы циклограмма жасау», «Искусственный интеллект как помощник воспитателя в развитии дошкольников», «Цифрлық құралдарды қолданып мультфильм жасау арқылы баланы дамыту», «Балабақшада білім беруді цифрландыру: платформалар тәжірибесі», «Ойна да ойлан: Танымға бастар жол», «Botley роботпен бағдарламалау негіздері», «Жасанды интеллект арқылы балаларға арналған әндерді шығару және қолдану» тақырыптарында іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Педагогтер іс-шара барысында заманауи цифрлық технологиялар мен робототехника саласындағы тәжірибелерін көрсетіп, зияткерлік және танымдық тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша практикалық жұмыстарын көрсетті. Жүргізілген жұмыстар балалардың қызығушылығын оятуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға және ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды.
Семинар соңында білім беру процесінде цифрлық әдістерді жүйелі түрде қолданудың маңызы ерекше көрсетілді. Мектепке дейінгі ұйымда заманауи технологияларды пайдалану балалардың танымдық белсенділігін арттырып, педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

