Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 2026 жылдың 17 ақпан күні мектепке дейінгі ұйым педагогтері арасында республикалық байқау жеңімпаздарының озық іс-тәжірибесін тарату және мамандарды кәсіби тұрғыда ынталандыру мақсатында «Үздіктер тәжірибесі» тақырыбындағы облыстық семинар-практикум өтті.
https://bilimaktobe.kz/kz/n-v-sti/324-zd-kter-t-zh-ribes-ta-yrybynda-oblysty-seminar-praktikum-tt#sigFreeId4ece359eb3
Шараның ашылуында Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Жалғас Нұрлыгүл Жалғасқызы алғы сөз сөйлеп, республикалық байқаулардың жүлдегерлерін құттықтап, олардың жетістіктері педагогтер үшін үлгі екенін айтты.
Сонымен қатар, «Педагогикалық этика – педагогтің кәсіби мәдениетінің негізі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, педагогтердің өз ісіне деген жауапкершілігін арттыру мен кәсіби нормаларды ұстанудың мәнін түсіндірді.
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінің меңгерушісі, п.ғ.магистрі Искендирова Аяш Абдимахановна облыс көлемінде жүргізіліп жатқан әдістемелік жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, тәжірибе алмасудың оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруға қосатын үлесін ерекше атап, оның педагогтердің кәсіби дамуына тиімді әсер ететініне тоқталды.
Бұл шара – тәжірибе алмасу ғана емес, педагогтердің мамандыққа деген көзқарасын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер беретін маңызды кездесу болды. Жеңімпаздар өз бағытындағы өзекті мәселелерді көтеріп, практикалық шеберліктерін көрсетті. Педагогтер «Мектепке дейінгі ұйымның музыка әлеміндегі жаңашыл әдістері», «Обучение через игру – основной принцип воспитательно-образовательного процесса», «Шеберхана – тәрбиешінің шығармашылық алаңы», «Балабақшадағы жаңашылдық: кішкентай қадам – үлкен даму» тақырыптарында тиімді іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгі мектепке дейінгі ұйым – тек тәрбие орны ғана емес, баланың тұлғалық дамуына бағытталған заманауи инновациялық орта екені тағы бір мәрте дәлелденді. Семинар үздік идеялар мен жаңашыл бастамалар тоғысқан тәжірибелік алаңға айналып, педагогтердің кәсіби ізденісіне жаңа серпін берді.

